25 Сәуiр 2019
221

«Бәйтерек таланттары» жастар театры ашылды

 

Бәйтерек ауданында «Бәйтерек таланттары» жастар театры тұсаукесер рәсімін өткізді. Аудан тарихында алғаш рет тұсауын кескен жастар театрының ашылу салтанатына арнайы келген аудан әкімі Асхат Шахаров құттықтауын жеткізді.

 

 

- Театр – әдемілік әлемі. Театр өнері адамзат баласын рухани байлыққа жетелейді. Театр адамды ойлантады. Бүгінгі ашылғалы отырған «Бәйтерек таланттары» театры – жаңа бастама. Театрды ашу идеясы болашаққа кең жол ашады. Ақпарат ағыны толассыз дамыған заманда виртуалды әлемнен гөрі адам санасына үлкен әсер сыйлайтын рухани әлем екендігін естен шығармағанымыз абзал, - деді аудан басшысы.

 

Театрдың ашылу салтанатында композициялық қойылымдар қойылып, ән-жырдан шашу шашылды.

 

Ал негізгі бөлімде театрдың жас әртістері жас режиссер Әліби Жанәбіловтің «Жалғанған үміт» замануи трагедиясын көпшілік назарына ұсынды.

 

Қойылым қарттар үйін мекен еткен қариялар тағдыры, мейірімге шөліркеген жандар, қоғамдағы белең алған қатыгездік, перзентке деген сағыныш иірімдерін арқау етеді.

 

Қойылымда сахна мәдениетін шебер меңгеріп, көрерменге рухани азық сыйлаған жас әртістерге гүл шоқтары табыс етілді.

 

Айта кету керек, театрдың режиссері – Әліби Жанәбілов.

 

Аудандық мәдени-демалыс орталығы жанындағы жастар театрына жастар белсенділері мен мектеп оқушылары тартылған.

 

Жастар театрының алғашқы қойылымына зал толы көрермен жиналды.

 

 

Ертай БИМҰХАНОВ,

Бәйтерек ауданы

Суреттерді түсірген

Сәлім МӘМБЕТӘЛИЕВ

zhaikpress.kz