02 Мамыр 2019
183

Ақсайда ұлттық спорт түрлерінен чемпионат өтті

 

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын іске асыру мақсатымен Бөрлі ауданы Ақсай қаласының солтүстік айналым жолының атшабар алаңында ұлттық спорт түрлерінен ауданның ашық чемпионаты өтті.

 

 

Ат тұяғының дүбірі, қиқулаған жанкүйерлер, аттың ауыздығымен алысқан шабандоздар, білекті палуандар шараның негізгі кейіпкерлеріне айналды.

 

Чемпионаттың тай жарысына 8, құнан жарысына 7 және топ бәйгеге 13, жалпы 28 ат жарыс жолына шықты. Бәйгеге көршілес Сырым, Шыңғырлау, Қаратөбе аудандарынан да шабандоздар қатысты.

 

Көптің қиқуымен басталған тай жарысында М.Сексенбаевтың тұлпары (Бумакөл) бірінші болып мәреге келді. Екінші орын да Бумакөлдік А.Айжарыковтың атына бұйырды. Үшінші болып А.Хасеновтің (Шыңғырлау ауданы) тұлпары келді.

 

Алты шақырымға шауып кеткен құнандар арасынан Н.Шишкин (Александровка) мінген құнан мәреге дара келді. А.Ақпанова (Шыңғырлау ауданы) пен А.Ақшолаков (Сырым ауданы) тізгіндеген тұлпарлар қатарласа келіп, екі мен үшінші орынды бөлісті.

 

Көпшілік асыға күткен, ең тартысты дода аламан болды.Тоқ бәйге жердің шаңын көтеріп, құйындата кеткен 13 тұлпардың арасынан шашасына шаң жұқпаған Бумакөл ауылының Төлепбергеновтің тұлпары бірінші келді. А.Шамгунның (Ақсай қаласы) аты мәрені екінші, Т.Қуанышқалиевтің (Ақсай қаласы) тұлпары үшінші болып мәрені бағындырды.

 

Тұлпарлар тартысынан соң мықтылар жаяу жарысқа шықты. Үш шақырымда бірінші боп А.Долинный (Ақсай қаласы), екінші А.Амангелді (Бумакөл) келді. Қызылталдық Д.Кеңесов мәре сызығын үшінші боп кесті.

 

Боз кілемде белдескен палуандардың арасынан А.Жумагулов жаурынын жерге тигізбей жеңіске жетіп «Өгіз палуан» атанды. И.Ихсанов пен С.Неғмет жүлдегерлер қатарын толықтырды. Есе жібермейтін Т.Көлбай тағы да «Түйе палуан» екенін дәлелдеді.

 

Ал аударыспақ алаңында А.Балпанов (80 кг), Р.Мурзиев (90кг), Б.Мукашев (+90 кг) қарсыласын шақ келтірмей үздіктер қатарынан табылды.

 

Жамбы атуға ниеттілер қатары да көп болды. Қатысушылар арасынан Б.Жұмабаев, Б.Мукашев А.Қуанышевтар мерген екенін дәлелдеп жүлдегер атанды.