16 Мамыр 2019
307

Қаратөбеде Ғарифолла Құрманғалиевтың 110 жылдығына арналған кеш өтті

 

Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының Қазақ ССР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ғарифолла Құрманғалиевтың туғанына 110 жыл толуына арналған «Ән дүлдүлі – Ғарекең» атты концерттік бағдарламасы өтті.

 

 

Ғ.Құрманғалиевтің 110 жылдығына арналған жоба әншінің туған жерінен басталып отыр. Бұл туралы концерт алдындағы пресс-конференцияда филармония директоры Асхат Қажғалиев мәлімдеді.

 

А.Тарасұлының айтуынша, Ғарифолла мен Мұхит әндерін көпшілікке насихаттауды мақсат тұтқан өнер ұжымы алдағы уақытта облысымыздың басқа аудандары мен Маңғыстау, Атырау секілді қалаларда халықты дәстүрлі өнермен сусындатпақ.

 


– Мұхит пен Ғарекеңді дүниеге әкелген қасиетті Қаратөбе өңірінен небір дүлдүлдер шыққаны белгілі. Алайда, бүгінде жастарымыз эстрада жанрына бағыт алып, дәстүрлі ән өнері ақсап тұрған жайы бар. Қазір Қаратөбе дәстүрлі ән айтатын Нұршат Исламғалиевтан басқа жанды кездестірмейміз.

 

Ғарекеңнің есімін сақтап қалу үшін шамамыз келгенше үлесімізді қосып жүрміз. Әнші атына көше беру үшін ақын Шолпан Қыдырниязовамен бірлесіп Мұхит қоры көп жұмыстандық. Ғарифолланың әндерін насихаттап республикамыздан басқа Ресей мемлекетінің облыстарында да концерттік бағдарламалар беріп жүрміз, - деп Сағадат Рахметжанов пен Хатимолла Бердіғалиев әнші туралы естеліктерімен бөлісті.

 

Ауданда дәстүрлі өнерді насихаттап, төл өнеріміздің шырағын өшірмеуді сұраған С.Рахметжанов аудандық мәдениет үйіне қаратөбелік дәстүрлі әнші Жақсылық Сәрсенғалиевтің есімі берілсе деген ойын жеткізді.

 

Аудандық мәдениет үйінде құлақ құрышын әнмен қандырған, домбыра шанағынан күй төгілтіп, Мұхит пен Ғарифолланың рухын дәріптеген ән кеші жоғары деңгейде өтті.

 

Әсем әуезді кеште дәстүрлі әншілер С.Рахметжанов, С.Таудаева, Х.Бердіғалиев, А.Кемелханова, Н.Хабиева, Е.Өмірәлі дәстүрлі әндерді нақышына келтіре шырқады.

 

Ал Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің өнеріне қалың көрермен тәнті болып, қошеметт білдірді.

 

Кеш барысында аудан әкімі Жанат Асантаев керемет сазды кеш сыйлаған ұжымға ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыстап, сый-сияпат көрсетті.