16 Мамыр 2019
308

Ақжайықта мектеп оқушылары арасында аймақтық айтыс өтті

 

Ақжайық аудандық білім бөлімі, балалар шығармашылығы орталығы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры атты» мақалаларына үн қосып, сондай-ақ ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтың келер жылғы 100 жылдығына, оның «Мен қазақпын» поэмасының жазылғанына 55 жыл толуы құрметіне мектеп оқушылары арасындағы аймақтық айтыс ұйымдастырды.

 

 

Өнер мерекесіне қатысушы өрімдерді, жанашыр-тілектес барша қауымды аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев құттықтады.

 

Бұл жолғы сөзсайысқа көршілес Атырау облысының Индер мен Қызылқоға аудандары, өз өңірімізден Орал қаласы, Қаратөбе, Теректі аудандарының және «алаң иелерінің» намысын көтерген балапан ақындар қатысты. Еңбек ардагерлері, жастар, жырсүйер ағайын үш сағат бойы айтыскерлердің өнерін тапжылмастан отырып тыңдады.

 

Бірінші жұпқа Индер ауданынан Бөдене мектебінің 10-сынып оқушысы Нұрдәулет Зайыров пен Теректі ауданынан Подстепный қазақ мектебінің 8-сынып оқушысы Нұрдана Темір шығып, шұрайлы айтыс жасады. Нұрдәулет айтысты бастаған беттен қыз бен жігіт айтысының үлгісін көрсете білді. Нұрдананы өз ауылына қонаққа шақырды. Жай шақырып қойған жоқ, сол ауданның көрікті жерлерін аралатып, тарихи тұлғалардың мазарына апарып, өткенге терең бойлататынын жеткізді. Қарсыласын су бетінде жүзген аққуға теңеп, аялап айтысты.

 

Нұрдәулет пен Нұрдана сыйласқанда,

Ағайын, нұр үстіне нұр болмай ма?-деп азаматтық тұрғыда өлең өрді.

Нұрдана болса, аспай-саспай, ұтымды жауаптар беріп, көрерменнің айызын қандырды.

... Анамыз Атырауда туған екен,

Бұл елге мен де арқамды сүйер болдым.

Сондықтан да аспайық біз әдептен,

 

Ағасы, мына сізге жиен болдым,-деп еркеледі. Өзін аққуға теңеген Нұрдәулетке рақметін айтып, домбырасына тағып келген үкісін сыйға тартып жіберді. Жай сыйлап қоймай, үкі деген құстың қазақ үшін қасиетті екенін өлеңге қосып, биік өресін көрсете білді. Сонымен қатар Нұрдана Теректі ауданында атқарылып жатқан тарихи зерттеулерді тілге тиек етті. Осы істерге мұрындық болған Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламановтың еңбегін жырға қосты.

 

Әрине, айтысты бастау кім-кімге де оңай емес. «Ел бастау қиын емес, барған жерден қонатын көл табылады, Қол бастау қиын емес, барған жерден ел табылады, Бәрінен де сөз бастау қиын. Тауып айтсаң, мереке қылады, қапы кетсең, келеке қылады» деп бабаларымыз тегін айтпаған ғой. Ақын Үзілдік Елеубайқызы, облыс ақындары Әсет Бисенғалиев, Болат Өтешов сынды сөз қадіріне жете білген қазылар алқасы алғашқы жұпқа түсіністікпен қарады.

 

Екінші жұп болып сахнаға көтерілген Индербор кентіндегі «Көктем» мектебінің 9-сынып оқушысы Ертай Кеңес пен аудандағы Есенсай мектебінің 10-сынып оқушысы Айнагүл Есқақ та қыз бен жігіт айтысын көрсете білді. Ертайдың талай аламанда ысылып қалғаны бірден білінді. Ол жұртпен амандасып, қасиетті Рамазан айында ораза тұтып жатқан жамағатқа ниет-дұғаларының қабыл болуын тіледі. Одан әрі бабалар қанымен, аналар жасымен келген қастерлі Тәуелсіздігімізді еңбекпен нығайтуға баршаны шақырды. Сексен алтының ызғарында сескенбей алаңға шыққан Ләззат, Сәбиралардың теңдессіз ерлігін жырлады. Айнагүлді сол жандардың ізіндей көретінін айтты. Сөйтіп отырып, Айнагүлді алтын балыққа теңеп, оны қармаққа түсіретінін де әзілдеп жеткізді. Айнагүл болса,

 

Біздің елдің қыздары осал емес,

 

Жайықтың балығының бәрі де алтын,- деп ұтымты жауап беріп, тығырықтан шығып кетті. Осылай әдемі өрбіген айтыста қазақ қыздарының қасиеті, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындайтын ойлар ортаға салынды.

 

Қызылқоға ауданындағы Миялы мектебінен келген Батыржан Қадірбай мен Қаратөбе ауданынан Райымбек Өтепов екеуара тамаша қағыс жасап, сүре айтыстың үлгісін көрсетті. Р.Өтепов Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талдап, жыр құрады. Мақалада айтылған атқа міну мәдениеті, ұлттық музыкамыз, құндылықтарымыз хақында ой өрбіткен оның бұл шумағы сәтті шықты. Әлемде жеті керемет барын, дейтұрғанмен қазақ деген халықтың жеті қырын айқындап берген Елбасының айтқандарын барынша дәріптесек, ел іргесі берік болатынана сенім білдірді. «Жеті қыры даламның жанданса егер, Жеті түрлі керемет жолда қалар», деп түйіндеді сөзін. Батыржан болса, Батыс Қазақстанның қастерлі тарихын жырлады. Өңіріміздің кесек тұлғаларын кестелі жырына арқау ете білді.

 

Базартөбе ауылдық округіндегі Еңбекші негізгі мектебінің 6-сынып оқушысы Абзал Наурызғали сөз сайысына сайланып келгенімен, оның қарсыласы денсаулығына байланысты айтысқа жолы түспепті. Дейтұрғанмен, жас ақынның тауы шағылмасын деп, облысымызға белгілі айтыскер ақын базартөбелік Абылайхан Мақсұтов сахнаға көтеріліп, Абзалмен сөз қағыстырды. Ағалы-інілі боп сыйласқан екеуі жыр додасының көрігін қыздырды.

 

...Айтыста талай жерде олжа салған,

Айнабек ағамменен замандаспын.

Қазының құрамында отыр бүгін –

Әсет және Болатпен қаламдаспын.

Абзалдай інім жалғыз қалған кезде,

Ағасы боп қолдамай қала алмаспын, деп Абылайханның табанасты суырып салған шумағы жыр мерекесін салмақтандыра түсті. Абзал болса, ағасынан қаймықпай, сұлу сайыс жасады. Қатысушылар арасынан Жұбан ақын туралы түйдек-түйдек ой айтқан Абзал болды.

 

Орал қаласындағы №42 «Ақ ниет» гимназиясынан келген Әділ Ахмет пен Базартөбе ауылдық округіндегі Қадырқұл мектебінің оқушысы Дінмұхаммед Зинеш шараны жандандыра түсті. Әділдің өзін сабырлы да салмақты ұстап, жинақы өлең құрауы, сахна мәдениетін сақтауы жиналғандарды сүйсінтті. Димаш оған «Оныншы сыныптасың биыл өзің, Таяқ жеп жүр ме екенсің ағалардан?», деп аяқасты сауал тастады. Әділ қазіргі таңда мектеп қабырғасында төбелестің, әлімжеттіктің өршіп тұрғанын жасырмай айтты. Қоғамның бұл дертіне немқұрайлы қарамай, мектеп болып, ата-ана болып бірге күресу керек екенін қаперге салды.

 

Д.Зинеш ауданымызда ат спортының өркендеп келе жатқанын жырлады. «Құлагер» спорт кешенінің ашылғанын айтып, халықтан сүйінші сұрады. Сонымен қатар замандастарын ат спортымен айналысуға шақырды. Осы бес жұптан кейін қазылар алқасы ақылдаса келіп, айтыстың екінші кезеңін жасаймыз деп шешті. Екінші айналымға ерекше көзге түскен төрт ақын таңдалды. Бірінші жұпқа индерлік Ертай Кеңес пен қаратөбелік Райымбек Өтепов шығып, оларға жеті минут уақыт берілді. Шаппа-шап айтыс жасаған олар бір-бірінен айласын асыруға тырысты. Екеуі де мықтылық танытып, көрермен қошеметіне бөленді. Екінші жұп болып шыққан оралдық Әділ Ахмет пен теректілік Нұрдана Темірдің қыз бен жігіт айтысы сәтті шықты.

 

...Нұрдана, халың қалай, қасымдағы,

Ақын ең ойы биік, жасын жаны.

Нұрдәулетке үкіңді беріп едің,

Осы ғой мерейімді асырғаны.

Мына сеннен біздің де дәмеміз бар,

Ендеше, үкіңді бер басыңдағы,-деп әзілмен қағытты.

 

Айтыс нәтижесінде бас жүлде екі айналымда да сауырына қамшы бастырмаған оралдық Әділ Ахметке бұйырды. Оған балалар шығармашылығы орталығының қосымша білім педагогы, белгілі шебер Досжан Бижановтың қолынан шыққан домбыра сыйға тартылды. І орын теректілік Нұрдана Темір, ІІ орын қаратөбелік Райымбек Өтепов, ІІІ орын индерлік Ертай Кеңеске бұйырды. Басқа да ақындарға Жұбан Молдағалиев, Ораз Исаев, Мектеп Досқалиев, Рамазан Ахметов, Сағынғали Сейітов атындағы арнайы жүлде, бағалы сыйлықтар берілді.

 

Айтысқа «Nur Otan» партиясы Ақжайық филиалы, аудандық орталықтандырылған кітапхана, балалар шығармашылығы орталығы, сонымен қатар ауданымыздың түлегі, қазіргі таңда Лондон қаласында тұратын Гүлайым Марторано демеушілік көрсетті.