16 Мамыр 2019
325

Қазталовта жігіттер сынға түсті

 

«Жастар жылына» орай Қазталов аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының және «Қазталов жастар кеңесі» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жігіт сұлтаны – 2019» байқауы өтті.

 

 

Байқау 5 кезең бойынша ұйымдастырылды. «Таныстырсам өзімді» кезеңінде жалпақталдық Нұркен Қажекенов қазақтың қасиетті қара домбырасын қолына алып, қара өлең ұйқасымен әсірелеп жеткізді. Сайыстың «Сегіз қырлы бір сырлы» кезеңінде жігіттер өнерлерін ортаға салды. Қазталовтық үміткер Мұхаммед Құрманалиев спорт жағынан ептілік, табандылық танытса, «Ескірмейтін есті сөз» кезеңінде тереңкөлдік Райымбек Тілеков танымдық, ситуациялық сұрақтарға шебер жауап берді. Жігіттердің жігіттігін танытатын «Күш атасын танымас» кезеңінде кір тасын көтеруден жарысса, «Құралайды көзге атқан» кезеңінде жігіттер асық атып, нысана көздеуден сынға түсті. Байқау барысында жігіттердің білімі де сыналды.      Тартысты өткен байқаудың қорытындысында III орыннан Болашақ ауылдық округінің айбынды жігіті Сұңғат Алтынбек көрініп, II орынды Тереңкөлддік сері Райымбек Тілеков жеңіп алды. Ал «Жігіт сұлтаны - 2019» атағы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің кикбоксинг жаттықтырушысы Мұхаммед Құрманалиевке бұйырды. Байқауға қатысқан барлық үміткерлер түрлі номинациялармен марапатталды.

 

Айта кету керек, ауданда алғаш рет ұйымдастырған байқауға «Айбын» спорт клубы және аудандық мәдениет үйі қолдау көрсетті.