16 Мамыр 2019
235

«Ақжайық өңірінің оқырман отбасы - 2019» байқауы өтті

 

15 мамыр - халықаралық отбасы күніне орай Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы - 2019» облыстық байқауы өтті.

 

 

Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты - отбасы құндылықтарын насихаттап, ұрпақтар сабақтастығын нығайту. Байқауға облыс бойынша іріктелген ең үздік жеті отбасы қатысып, үміткерлер үш кезең бойынша бақтарын сынады. Алғашқы кезеңде отбасы мүшелерінің сүйіп оқитын кітаптары мен қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырса, екінші кезеңде әр жанұя «шағын мемлекетін» электронды түрде бейне жазба арқылы таныстырды. Ал соңғы кезеңде отбасылар ертегілер желісі бойынша немесе өздері ойдан құрастырған ертегіден көрініс көрсетті. Байқау барысында жиналған қауым отбасылардың білімге, кітап оқуға деген құмарлығына тәнті болды. Әсіресе, ертегі арқылы перзенттерінің бойына ізгі қасиеттерді ұялатып жүрген ата-әжелердің көрініс сомдауы сүйсінтті.

 

Ақжайықтық Сәрсенғазиевтер отбасы Ы.Алтынсариннің «Әке мен бала» әңгіме желісі арқылы жердегі ескі тағаны бір иіліп көтеруге ерінген баласының жерге түскен шиені аламын деп он иілгенін сомдады. Отағасы «Аз жұмысты қиынсынсаң – көп жұмысқа тап боласың, азға қанағат ете білмесең – көптен де құр қаласың» деп өсиет айтты. Ал Бәйтерек ауданынан келген Бекеновтер әулеті В.Сутеевтің «Алма» ертегісін сомдау арқылы жас ұрпаққа «Береке басы – бірлікте» екенін жеткізді. Бөкей Ордасы ауданынан келген Сейтқалиевтер отбасы орыстың халық ертегісі «Алтын балта» негізінде көрініс қойып, адам бойындағы адалдық, еңбекқорлық секілді ізгі қасиеттерді насихаттаса, жаңақалалық Хамзиндер әулеті Елбасының«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай көрінісін сомдады.

 

Байқау қорытындысы бойынша, бас жүлдені бөкейордалық Сейтқалиевтер отбасы жеңіп алса, бірінші орын бәйтеректік Бекеновтерге, екінші орын қаратөбелік Саленовтер мен ақжайықтық Сәрсенғазиевтерге, үшінші орын оралдық Есқалиевтерге, тасқалалық Залиевтерге және жаңақалалық Хамзиндерге бұйырды. Байқауға қатысқан отбасылар диплом мен заттай сыйлықтарға ие болды.