20 Мамыр 2019
324

Мусиндер жанұясы «Мерейлі отбасы» атанды

 

Ақжайық ауданында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінің іріктеуі өтті. Шараға ауылдық округтерден 7 отбасы қатысты.


Алдымен байқауға сайланған қазылар отбасылардың арнайы әкелген көрмесін тамашалап, бағасын берді. Байқауға қатысушы жанұялар шаңырағында сақталған көне жәдігерлер мен қол бұйымдарын, жетістіктерін  алып келді. Мысалы, өңірімізге белгілі өлкетанушы Алмалы ауылдық округі Атамекен ауылынан келген Жәнібек Әбілпейсіов түрлі мерзімдік басылымдарда әр жылдары жарық көрген зерттеу мақалаларын, авторлық кітаптарын әкелген. Оның ішінде автордың биыл жарық көрген «Хаттар сыры» кітабы, әкесі белгілі шежіреші болған Құттымұрат Құлтумаұлының «Ар жақтан Тілеубай мен Шолым өткен...» атты ғұмырбаяндық хикая кітабы, тағы басқа құнды деректер қойылған. Сонымен қатар қызы Нұрсәуле Әбілпейісованың «Туған өлке-тұнған шежіре» ғылыми-экспедициялық күнделігі, баласы Ізтілеу Әбілпейісовтың «Мен Тілеубай-Шолымның ұрпағымын» атты кітапшасы көрмеден орын тепкен. Әке жолын қуып келе жатқан өрендердің бұл ізденістеріне тек қана қолдау керек. Айта кетейік, Ж. Әбілпейісов Атамекендегі «Жерұйық» музейіне өз қолымен экспонаттар жинастырып, сақтап отыр.


Сондай-ақ Есенсай ауылдық округінен келген Бөкеевтер жанұясының, Базаршолан ауылдық округінен Теміровтер отбасының көрмесі көпшілік көңілінен шықты. Бөкеевтер отбасының отағасы Жанболат Бөкеев облысымызға танымал суретші, шебер. Ол стринг арт жанры бойынша ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін жасаған, тағы да басқа қол дүниелері көрмеге қойылды. Ал Теміровтер әулеті өткен ғасырда өмір сүрген өз аталары аруақты жан Темірболат Бейбітұлының көне жадағайын әкелген.


Байқау шарттарына орай бірінші кезекте халықпен сәлемдескен отбасылар жанұя мүшелерін таныстырды. Айта кететін бір жайт, бұл кезеңде отбасын домбыра тартып, жыр арқылы таныстырғандар басым түсті. Мысалы, Жәнібек Әбілпейісов өз жанұясының шежіресін термелетіп жырлады. Оның жас шағында айтыс өнерінде жарқылдай көрінгенін айта кеткен жөн.


Бір қызығы, осы кезеңде базартөбелік Мұхамбетжановтар отбасының отағасы белгілі айтыскер ақын Санат Мұхамбетжанов та, будариндік отбасының тірегі Жеңіс Мусин де жыр-арнауларымен жиналғандарды сүйсінтті.


«Өнерлі отбасы» деп аталған екінші кезеңде отбасылар өнерлерін ортаға салды. Осында тағы да озық шыққан Әбілпейісовтер отбасы бүгінде заманауи қолданыста жүрген термин сөздердің түп-төркінін көрініс арқылы жеткізді. Ж.Әбілпейісов ата бейнесінде немерелеріне әлеуметтік желілерде қолданатын «лайк», «ура» сөздерінің шығу тегін қазақтың көне сөздерімен байланысты екенін дәлелдермен жеткізді.


Чапаев ауылдық округінен қатысқан Дәуітовтер отбасы көпшілікке өнерлі жанұя ретінде танымал. Отанасы Гүлжамал Қайбалиева домбырамен халық әні «Әдемі қыз» әнін шырқаса, ұл-қыздары заманауи әндерді әуелетті.


Есенсайлық Бөкеевтер отбасы Нұрлыхан Қалқаманұлының «Құдайға қоңырау шалған сәби» атты қойылымын сәтті сомдады. Қатты ауырған анасына ота жасалар сәтте сәби «құдайға қоңырау шалу үшін» көшеде өткен-кеткеннен ұялы телефон сұрап жүреді. Сөйтіп, бір қайрымды жанға кездесіп, ойындағысын орындайды. Телефон арқылы құдайға бар арманын, анасының аман қалуын тілеп, өтініштерін айтады. Анасы өмір мен өлімнің арасында жатып, отадан аман өтеді. Соңынан белгілі болғандай, балаға «құдаймен тілдесуге» ұялы телефон берген адам анасына ота жасаған дәрігер болып шығады. Құдайдың құдіретіне шексіз риза болған отбасы Аллаға мадақ айтып, бақытты өмір сүреді. Осы қойылымды жиналғандарға жеткізе сомдаған Бөкеевтерге халық шексіз риза болды.


«Сұрақ-жауап» кезеңінде қатысушыларға салт-дәстүрімізден сауалдар қойылып, барлығы да бұл сыннан мүдірмей өтті.


Байқауды қорытындылар сәтте аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев құттықтау сөз сөйледі.


Байқау нәтижесінде үш кезеңде де мүдірмей, жақсы өнер көрсеткен будариндік Мусиндер отбасы бас жүлдені иеленіп, облыстық сайысқа жолдама алды.


Отағасы Жеңіс Мусин кез келген музыкалық аспаптың құлағында ойнайтын керемет өнер иесі. Оқыған оқуы болмаса да, өз ниетімен үйренген аспаптарда шебер ойналушылардан артық ойнамаса, кем ойнамайды. Оның көпшілік біле бермеймін ақындық қыры да бар. Небір айтыскерлерден кем түспейтін оның жырлары тап-тұйнақтай, ұйқастары тастай. Байқаудың бірінші кезегінде арнау айтқанда, өнеріне сүйсінген жұрт таңдай қақты. Өзімен әңгімелескенімізде, ақындық өнер анасы Ұлмекеннен дарыпты.


Осынша өнерлі болса да, Жеңіске бір жұмыс бұйырмай жүр. Тек жаздың уақытында трактор жүргізіп, қожалықтардың шөбін шауып беруге көмектеседі. Жұбайы Людмила ауылдық әкімшілікте кіші қызметкер. Екеуінен өрбіген 5 бала ата-анасын жетістіктермен қуантып жүр. Тұғыш ұлдары Мейрамбек жақында Отан алдындағы борышын өтеп келген. Айсәуле атты қыздары Ақтау қаласында әскери бөлімде медбике болып жұмыс жасайды. Зергүл қыздары ауданға, облысымызға танымал «Әдемі» триосының мүшесі. Кіші қыздары Айымгүл мен Жанетта да мектептегі оқу үлгерімімен ерекше.


Ал бірінші орынды талассыз есенсайлық Бөкеевтер отбасы еншіледі. Екінші орынды алмалылық Әбілпейісовтер отбасы, үшінші орынды базартөбелік Мұхамбетжановтар отбасы иеленді.


Жеңімпаз жанұяларға бағалы сыйлықтар табысталды.

 

Бекболат Қаленов,

суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz