22 Мамыр 2019
391

Сырымдық түлектер мектеп бітіру кешінің шығынын қайырымдылыққа жұмсады

 

Сырым ауданындағы Қ.Мырзалиев атындағы мектептің 11-сынып оқушылары мектеп бітіру кешіне жоспарланған қаражаттарының біраз бөлігін қайырымдылыққа жұмсады.


Жас түлектер Жымпиты ауылында тұратын әлеуметтік жағдайы төмен 3 жанұяға бір айлық азық-түлік алып берді. Соңғы қоңырау салтанаты мен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық үстіндегі мектеп бітірушілер ауыл үлкендеріне қолғабыс болуға да уақыт тапты. Олар Серік атайдың және Ырысты әжейдің үйінде болып, қыз балалар жағы үй тазалығына, ал ұлдар қарттардың аулаларына сенбілік жұмыстарын жасауға жәрдемдесті.


-Мұқтаж жандарға көмек көрсету жайындағы ұсынысты біздерге мектеп бітірушілер білдірді. Олардың қасиетті Рамазан айында тойдың мәзіріндей аста-төк дастархан жайып, ысырапқа жол бергілері келмеді. Түлектердің ұсынысын мектеп әкімшілігі де, ата-аналар комитеті де қолдады. Сынып жетекшілері Жансая Есенғалиева, Гүлдана Нұғманова «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында жалдамалы пәтерде тұратын, мектеп жасындағы балалары бар отбасыларға көмектесті. Түлектер кеші мектебімізде қарапайым түрде аталып өтілетін болады,- дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ербол Дауылов.