27 Мамыр 2019
321

Жалпақталдық түлектер ауылға бірнеше нысан салып берді

 

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынды.

 

 

Осы бағдарлама аясында Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында туған өлкесінің көркеюіне атсалысып жүрген азаматтар аз емес.

 

Осыдан 30 жыл бұрын Ғ.Молдашев атындағы мектепті аяқтаған түлектер мектеп ауласына футбол алаңын салды. Осы алаңды тұрғызу үшін 8 млн. теңге жұмсаған. Ал жеке кәсіпкер, 1989 жылғы мектеп түлегі Әлібек Сартаев, Ғ.Молдашев атындағы мектептің футбол командасының капитаны Бекзат Серіков футбол алаңының лентасын қиды.

 

Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Абат Шыныбеков тұрғындарды құттықтап, Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Былғары доп - 2019» республикалық жарысында өңір намысын қорғаған Ғ.Молдашев атындағы мектептің футбол командасын марапаттады.

 

Қуаныш қуанышқа ұласты. Жалпақтал ауылының 1979 жылғы түлектерінің тартуымен «Толағай» атты баскетбол мен волейболға арналған алаң ашылды.

 

Алаңның ашылуында аудан әкімі Абат Шыныбеков түлектерге xалықтың алғысын жеткізді. «Толағай» алаңының лентасын қию Светлана Нұғыманова мен Темірболат Ерешовке бұйырса, Жақып Кәрімов волейбол ойынын бастап берді.

 

Ал 1962 жылы туған түлектердің бастамасымен орталық алаңда мұнаралық сағат бой көтерген. Көрнекі нысан 2 миллион теңге тұрады.

 

Мектепті осыдан 20 жыл бұрын бітірген түлектер Жастар жылына орай «Жастар» саябағын қайта жаңғыртты. Саябаққа ратунда сыйға тартып, айналасына отырғыш қойды.