27 Мамыр 2019
304

Ақұштап Бақтыгереева Ақжайық халқымен кездесті

 

Алаштың аяулы ақыны Ақұштап Бақтыгерееваның 75 жасқа толуына орай оқырмандарымен кездесіп, емен-жарқын әңгіме өрбітіп, өнер, өлең хақында халқымен пікірлесіп жүрген өнер иесін Ақжайық ауданының халқы ерекше құрметпен қарсы алды.

 

 

         ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Ақұштап Бақтыгерееваның ауданға өнер сапары Ақжайықтағы елеулі шаралармен ұштастырылды.

 

         Ақұштап Бақтыгереева, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, тағы да басқа құрметті меймандар алдымен Ақжол ауылдық округі Ілбішін ауылындағы коворкингтің ашылуында болды.

 

         Орталықтың ашылу салтанатында жас айтыскер, Құрайлысай ауылдық округі кітапханасының кітапханашысы Мейірман Шәкенов жыр арнады. Осында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мұсағалиева жаңа орталықтың жұмысымен таныстырды. Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткесін мұндағы кітапхана модельді кітапхана ретінде жасақталған болатын. Міне, көп ұзамай рухани орда аудандағы екінші коворкинг орталыққа айналды.

 

         Ілбішіндіктер үшін зияткерлік демалыс орнына айналған коворкингте барлық жағдай жасалған. Мұнда интернет желісін пайдалануға, түрлі форматтағы іс-шараларды, семинарларды, конференцияларды өткізуге болады. Әсіресе, жұмыссыз жастарға қолдау көрсетілген нысанда бос жұмыс орындарын іздестіруге болады. Халыққа қызмет көрсету орталығынан берілетін бірқатар құжатты, анықтамаларды алуға болады. Кез келген оқырманның сүйікті ісімен айналысуына, жастардың шығармашылық-интеллектуалдық әлеуетін арттыруға жағдай туғызып отырған заманауи ордаға келушілердің қатары көп болғай.

 

         Қазіргі таңда аудандағы 45 кітапхананың 18-і орталық кітапхана, 25-і кішігірім кітапхана, 2 моделді балалар кітапханасы, 8 модельді кітапхана ретінде халыққа қызмет етуде. Айталық, былтыр Жаңабұлақтағы кітапхана облыстағы алғашқы коворкинг болып ашылса, биыл оның қатарына Ақжолдағы кітапхана қосылып отыр.

 

         –Бабадан қалған асыл сөзді меңгермесек, өмірдің мәні болмайды. Міне, кітапхана сол сөз асылын ұрпақтан ұрпаққа жалғастыратын үлкен рухани орда. Кітапхананың заманауи технологияларымен жабдықталып, керемет орталық болуымен баршаңызды құттықтаймын! Еңбектерің жемісті болсын! Ең бастысы ұрпағымыз сауатты, өнегелі болғай. Кітаптың ішінде, кітапхананың ішінде іздеген адамға бәрі бар. Біздің сыр бүгіп жатқан қаншама тарихымыз бар. Міне, сол тарихымызды зерттейтін ғалымдар легі әлі де қажет. Осы орталықтан іздегенін тауып, осы ауылдан сондай жандардың шығуына шын жүректен тілектеспін,-деді Ақұштап Бақтыгереева өзінің құттықтау сөзінде.

 

         Осында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев құттықтау сөз сөйлеп, коворкингтің жұмысына сәттілік тіледі. Ауыл жастары, мектеп оқушылары әлем өркениетінен тыс қалмай, оқу-тоқуға талпыныс жасауы керегін әңгімеледі.

 

суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан,