27 Мамыр 2019
200

Ақжайықта қыз-келіншектердің сырласу клубы ашылды

 

Ақұштап ақынның Ақжайық ауданы Ақжол ауылдық округіне келуіне орай осында «Ақшағала» қыз-келіншектер сырласу клубы ашылып, қызметін бастады.

 

 

         Әр ауылдық округтегі әйелдер кеңесінің төрайымдары, аудандағы еңбегімен елеулі ардақты аналар бас қосқан жиында бүгінгі қыз-келіншектердің тәлім-тәрбиесі, өнегесі кеңінен сөз болды. Осында А.Бақтыгереева бүгінде қазақ қыздарының тәрбие жағынан осалдық танытып жатқанын тілге тиек етті. Отбасының ұйытқысы бола алмай, көрсеқызарлық танытып, қаншама шаңырақты шайқалтып жатқан қыз-келіншектердің ерсі қылықтарын әңгімеледі. Көшеде арын сатқан аяулы қазақ қыздарына араша түсер ағайынның болмағанына, осыған төтеп берер ұлттық тәліміміздің әлсіреп қалғанына өкініш білдірді. Осындай олқылықтарға жол бермеу үшін қыз бала тәрбиесіне түгел қоғам жауапты екенін баса айтты. Әсіресе, ұлттық құндылықтарымыз арқылы тәрбиені нығайтуға күш салуымыз қажет екенін еске салды.

 

         «Ендігі арманым – қазақтың өсіп келе жатқан қыздарының барлығы ғасырға сай сауатты, салауатты болса екен деймін. Қазақ қызы тәкаппар, нәзік, өр, өте парасатты, өзін өзгеге сыйлата білуі керек. Бәлкім, біреулер мұны ұсақ тақырып дейтін болар. Жоқ, барлық тіршілік әйелдің қолында. Ерлердің бақыты да қыздардың қолында. Мен қазақтың дана әйелдері тәрбиелеген ұрпақпын. Ұлттың анасы болу менің ендігі арманым... »,-деген ақын апаның қанатты сөздерге айналып кеткен сұқбаты оның қыз тәрбиесіне немқұрайлы қарай алмайтынын әйгілеп тұр.

 

         –Ақ Жайықтан қанат қағып, өз арманының биігіне самғап, бүгінде қазақ поэзиясы айдынының ақ шағаласы атанған Ақұштап апамыздың есімі барша Алаш жұртына аян. Ақынның жүрек тебірентер жырлары оқырманның көңіл пернесін дөп басып, адалдық, пәктік, іңкәрлік, сүйіспеншілік сезімдерге жетелейді. Қазақ қыз-келіншектеріне ақылшы бола білген ақын апамыздың тәлім-тәрбиеде айтары көп. Бүгінгі жиынды да осындай құрметті мейманымыздың қатысуымен өткізіп отырғанымыз бекер емес. Әр қазақ қызы ақын ападан үлгі алса, жаман болмас еді. Осы істе ауызбірлік танытып отырған баршаңызға алғыс айтамын. Клубтың жұмысына сәттілік тілеймін!-деді шараға қатысқан аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов.

 

         Клубтың алғашқы отырысында мемлекеттік қызметте ұзақ жыл еңбек етіп, үлгі-өнегімен қыз-келіншектерге ақылшы бола білген ауданымыздың Құрметті азаматы Меңзипа Жұматова, білім саласының үздіктері чапаевтық Шәмшия Имаққызы, Балым Хамзина, будариндік Ғайни Машаева тағы да басқа әйел-аналар қыз бала тәрбиесі хақында ой-толғамдарымен бөлісті. Сонымен қатар клубтың мүшелігіне ілбішіндік бірқатар қыз-келіншектер қабылданып, А.Бақтыгереева оларға мүшелік билет табыстады. «Ақшағаланың» әлеуметтік желілерде парақшалары ашылып, жұмысын бастады.

 

суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан,