28 Мамыр 2019
475

Қызылобада жаңа спорт алаңы ашылды

 

Мемлекеттік «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен Жаңақала ауданы Қызылоба ауылдық округінде жаңа спорт алаңы ашылды.

 

 

         Айта кетсек, спорттық нысанды мердігер «Бекқалиев С.Р» жеке кәсіпкерлігі салып, пайдалануға дәл мерзімінде аяқтап берді.

 

         Алаңның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Асқар Жомартұлы:

 

         – Салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы спорттың бұқаралығын қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Еліміздің сындарлы саясатының негізі – адам және оның денсаулығы. Спортпен шыныққан жас ұрпақ қоғамның басты байлығы. Спорттық бәсекелерде биік тұғырлардан көрініп жүрген Қызылоба ауылы жастарының жеңісті жолы өз жалғасын табады деген сенімдемін,-дей келе ауыл тұрғындарын жаңа спорт алаңының ашылуымен құттықтады.

 

         Мұнан кейін сөз жалғаған еңбек ардагері Табылды Масатов, Е.Орақбаев атындағы мектептің директоры Теміржан Серіков жастарды білімді, білікті, талапты болуға шақырып, көпшілікке ақжарма тілегін айтты. Салтанатты ашылудан кейін жаңа алаңда шағын футболдан ауыл жастарының жарысы басталды.