09 Маусым 2019
128

Теректіде таңғы алтыда мектеп есігін қаққан 82 жастағы әже

 

9 маусым - әр қазақстандық үшін ерекше күн. Қазақстан Республикасының Президентін сайлау үшін теректіліктер де аудан бойынша 48 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасауда.

 

 

Теректі ауданында да жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.00-де сайлау учаскелері ашылды.

 

Аудан орталығы Федоров ауылындағы денешынықтыру және сауықтыру кешені ғимаратында орналасқан №387 сайлау учаскесінің жұмысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаудан басталды. №387 сайлау учаскесінің төрағасы Жарас Онбаев дауыс беруге келген тұрғындар алдында сөз сөйлеп, сайлаудың сәтті өтуін тіледі. Бұл учаскеде сағат 9.30-да 132  тұрғын дауыс берді. Аудан әкімі Әділ Жоламанов та жұбайымен осы учаскеге келіп, таңдауын жасады.

 

Федоровка №1 жалпы орта білім беретін мектебіндегі №385 сайлау учаскесінде 1554 тұрғын дауыс береді. Сайлаудың өту барысын таңғы 7:00-ден бері бақылап отырған бақылаушы Темірлан Мухамбетов сайлаушылардың белсенді екенін, сағат 10:42-де 403 адам дауыс беріп, таңдау жасағанын жеткізді.

 

Бұл учаскеде өмірінде ең бірінші рет дауыс берген 19 жасар Диляра Кайнушева мен Төлеген Тлепкалиев ұйымдастырушылар атынан сыйлыққа ие болды.

 

Жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 6:00-де мектеп есігін қаққан 82 жастағы Сара Даумова әжей де ең бірінші болып таңдау жасағаны үшін сый-сияпатпен марапатталды.

 

Бүгінгі маңызды күнде Теректі ауданы бойынша 26350 тұрғын өз таңдауын жасайды.