11 Маусым 2019
123

Ақжайықта журналист Базарғали Қуатовты еске алды

 

Ақжайық ауданының орталығы Чапаевта «Сайқұдықтан шыққан сөз сардары» атты еске алу шарасы жуырда бақилық болған белгілі журналисі Базарғали Қуатовтың шығармашылығына арналды.

 

 

Арамызда жүрсе, алдағы 22 маусымда 80 жасқа толатын оның өшпейтін өнегесі, адами асыл қасиеттері туралы ақын Сағынтай Бисенғалиев жүргізген зерде сағатында жан-жақты әңгімеленді.

 

ҚазГУ-дің 1962 жылғы түлегі Базарғали Сәниұлы «Орал өңірі» газетінде қатардағы қызметкерден редактордың орынбасарлығына дейін көтерілді. Ақжайық аудандық газетінің редакторы, кейін «КазақГаз» мемлекеттік компаниясының «Рауан» газетінің редакторы болды. Облыс жұртына қаламы қарымды, журналистиканың барлық жанрына желдірте жазатын жан ретінде танылды. Қазақстанның Құрметті журналисі ол жылдар жүзінде ізбасарлардың жаңа легін тәрбиелеуге зор үлес қосты.

 

Зерде сағатында журналистика ардагерлері Тілес Жазыбай, Бақтығали Қоспаев және Мәлік Берді Әлі баспасөз саласындағы ізденісімен дараланған Б.Қуатовтың ерек еңбекқорлығы жайында баяндап, оның өлкеміздің танымал еңбеккерлері, қайраткерлері жайында «Уақыт іздері», «Ардагерлер әлемі», тағы басқа жинақтарының мән-маңызы жайында тебірене айтылды.