12 Маусым 2019
304

Түркебай батырға тағзым етті

 

Тарихта аты қалған Түркебай батырдың Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Ақсай қалаларынан елге келген ұрпақтары ата-бабаларының зиратына тағзым етіп, құран бағыштады. 

 

 

Батыр Қаратөбе ауданы Саралжын ауылдық округінің орталығы Қарақамыс ауылынан 6-7 шақырымда «Түркебай» деп аталатын қорымда жерленген.

 

Батырдың ұрпақтары  аталарының зиратын қоршап, белгі тақта орнатты.

 

1868 жылы Ресей империясының қазақ жерін отарлау саясатын күшейтуді көздеген «Жаңа ереже» қабылдауына қарсы болған халық сол жылы көтеріліске шығады. Көтеріліске қатысушылар Көкжарда Сейілді ақ текеметке отырғызып, бірауыздан хан сайлап, қолына билік береді. Осы кезден бастап, халық аузында «Қарадан хан болған Сейіл» деген сөз қалған.

 

Кезінде Саралжын кеңшарында басшы болып қызмет жасаған  ақсайлық  зейнеткер Зарлық Мусин тарихи тұлға Түркебай батыр мен оның ұрпағы туралы тарихи деректерге тоқталды. Сонымен қатар ата-бабасы туралы кітап жазып, олар жайлы деректердің  кейінгі ұрпаққа кеңінен таралуына зор еңбек сіңірген марқұм қаратөбелік журналист Қайыржан Хасановтың  шығармашылық  еңбеңгіне зор ризашылығын  білдірді. Игі бастаманы көтерген З.Мусин көптен көкейінде жүріп қолға алынған істің орындалғанына риза екендігін айтты.

 

Түркебайдың баласы, қарадан хан болған Сейілдің ұрпағы Айжан Баязқызы ата-бабасына арналған игі іске  мұрындық болған бауыры Зарлық ақсақалға және кітап жазып аталарын көпке танымал еткен журналист Қайыржан Хасановтың еңбегіне зор ризашылығын жеткізді.

 

Саралжын жеріне табан тіреген қонақтар Б.Қаратаев атындағы  Саралжын мектебінің музейін тамашалады.

 

Аталмыш мектепте журналист Қайыржан Хасановтың «Түркебай батыр» және «Сейілұлы Амандықтың ұрпағы» атты тарихи танымдық  кітаптарының тұсаукесері өтті.

 

Айтулы шарада ақсайлық зейнеткер Зарлық Мусин, аудандық мәдениет,тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалымгерей Қайырғалиев, Қайыржан Төлегенұлының зайыбы Рысты Бижанова жылы лебіздерін білдірді.

 

Сейіл Түркебайұлының ұрпақтары Рысты Хакімқызының, Зарлық  Мусиннің, Қайыржан ағаның үлкен ұлы Сәбиттің иығына шапан жапты. «Түркебай батыр» кітабының лентасын Ғалымгерей Қайырғалиев пен Сейілдің ұрпағы Арман Болатұлы, «Сейілұлы Амандықтың ұрпағы» атты кітаптың лентасын Нұрлан Меңдешов пен Сәбит Хасанов қиды.

 

Нұрлан Меңдешов Түркебай батыр туралы тарихи деректерден сыр шертіп, оны кеңінен насихаттауды тілге тиек етті.

 

Ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Сабырғали Исмурзин үш жүзден ән оздырған Мұхиттың бірнеше әнін орындады.