13 Маусым 2019
299

Мектеп түлектерінің кеші өтті

 

Кеше аудандарда мектеп түлектерінің кеші өтті.

 

 

Қаратөбеде мектеп бітіруші түлектерге арналған «Талап, еңбек, терең ой» атты үздіктер шеруі ұйымдастырылды.

 

Салтанатты шарада аудан әкімі Жанат Асантаев түлектерге өмірден өз орындарын тауып, алған білімдерін тереңдетіп, тәуелсіз еліміздің игілігіне жұмсауға тілек білдірді.

 

 

Аудан әкімі «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлерін алғыс хатпен марапаттап, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылған кітаптарды табыстады.

 

Бірқатар білікті ұстазға аудан әкімінің алғыс хатымен 50 000 теңгенің сертификаты табыс етілді. Жыл бойы жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар мен ұстаздар арасында Қаратөбе мектеп-гимназиясы, Мұхит атындағы мектеп пен Жамбыл мектептері үздіктер қатарынан көрінді.

 

 

Кеште ата-аналар атынан Батырхан Амангереев, түлектер атынан Б.Қаратаев атындағы Саралжын мектебінің «Алтын белгі» иегері Айнель Шайжан ұстаздарға алғыс айтып, жас түлектерге сәттілік тіледі.

 

Ал Бәйтерек аудандық мәдениет үйінде Переметный мектебі мен және  Қ.Аманжолов атындағы мектеп түлектеріне оқуды аяқтағандығы жөнінде аттестат табысталды.

 

 

Аттестатты мектеп директорлары Мәлік Өтешов пен Роза Тасанова табыстап, түлектердің алдағы өміріне ақ жол тіледі.

 

 

- Өздеріңіз білім алған алтын ұядан түлеп ұшып, арман сапарларыңызға қанат қағып жатырсыздар. Таңдаған мамандықтарыңыз бойынша, қалаған оқу орнындарыңызға түсіп, егеменді еліміздің болашғына үлес қосуларыңызға тілекшімін. Біліммен қатар адамгершілік қағиданы әркез есте сақтаңыздар. Армандарыңыз орындалып, мақсаттарыңызға жетіңіздер! - деді Қ.Аманжолов атындағы мектептің директоры Роза Төлеуқызы.

 

Түлектерге арналған салтанатты кеш Шыңғырлауда «Түлектер шеруімен» басталып, аудандық орталық саябақта жалғасты.

 

 

Аудан әкімі Альберт Есалиев мектеп бітіруші түлектер мен ұстаздарға жылы лебізін білдіріп,  Айнұр Сарекенова, Сымбат Букенбаева, Арайлым Телемгенова, Әлия Нургалиева (Л.Қылышев атындағы мектеп), Аяулым Букаева (А.Тихоненко атындағы мектеп),  Наргиза Жангирова (Ащысай мектеп), Айгерім Бақытова, Альтаир Сатыбалдиев, Мирамбек Унгаралиев (Тасмола мектебі) «Алтын белгі» төсбелгісі және Нариман Жанәділге (Л.Қылышев атындағы мектеп) «Үздік аттестат»  берілді.

 

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Абзал Сапаров биылғы оқу жылында білім саласында нәтижелі жұмыс пен жеткен жетістіктермен бөлісіп, түлектердің ата-анасына «Алғыс хат» табыстады.

 

 

Түлектер атынан Мирамбек Унгаралиев ұстаздар қауымына жүрекжарды тілегін арнаса, ата-аналар атынан Бибігүл Тілекшіқызы барша білім саласының қызметкерлеріне алғыс білдіріп, жас түлектерге ақ жол тіледі.

 

Теректі ауданы орталығындағы мәдениет үйінде «Алтын түлек-2019» атты салтанатты шара өтті. Шара барысында оқуы жылында үздік білімдерімен ерекшеленіп, «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлері атанған түлектер марапатталды.

 

 

Биыл Теректі ауданында 331 түлек мектеп бітірсе, оның 41-і «Алтын белгі», 23-і «Үздік аттестат» иегері атанды. Қызыл кілем арқылы жүріп өткен түлектерге құрмет көрсетіліп, олардың жеткен жетістіктері айтылды.

 

Түлектерді аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтап, сәт сапар тіледі.

 

- Қымбатты түлектер, бүгін сіздер үшін ерекше күн. Он бір жыл бойы білім нәрімен сусындаған мектептеріңізбен қоштасып, үлкен өмірге қадам жасағалы тұрсыздар. Сіздердің алдарыңызда биік шыңдарды бағындырып, еліміздің үлгілі азаматы болу міндеті тұр. Біздің көп ұлтты Отанымыздың дамуы мен гүлденуі сіздердің қолдарыңызда. Сәт сапар, жас түлек! – деді тебіреніп тұрған жастарды құттықтаған Әділ Тауфиқұлы.

 

 

Одан соң аудан әкімі түлектерге «Алтын белгі» төсбелгілерін, аттестаттар және бағалы сыйлықтар табыстады.  Ата-аналарға аудан әкімі Әділ Тауфиқұлы Алғыс хат ұсынды.

 

 

Түлектер атынан Асқар Сайын және Венера Досқалиева, ата-аналар атынан Нұрсұлу Досқалиева алғыс айтып, білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымына игі тілектерін арнады.