17 Маусым 2019
245

БҚО-да қымызмұрындық мерекесі өтті

 

Теректі ауданы Юбилейный ауылында жылқы ұстайтын азаматтар халық жинап, қымызмұрындық мерекесін өткізді.

 

 

Тұңғыш Президент Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, жалғасы болған «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында игі дәстүрлер оралды ортамызға. Соның бірі – қымызмұрындық.

 

Қымызмұрындық өткізуге мұрындық болған азамат - Юбилейный ауылында жылқы ұстап отырған Бағдат Едресов.  Бас демеуші болған да өзі. Ибрагим Жақсымбетов, Құсайын Бақтиярұлы, Ермұхан Үмбетов, Қамбар Махметов, Жанғабыл Сәтбаев, Қанат Дакишевтай іскер азаматтар да ел тойына үлес қосып, демеушілік көрсетті. Ауылдың азаматы Бейбіт Қуанышқалиев «тойдың болғанын боладысы қызық» күндерінде білек сыбанып, ұйымдастырумен айналысты.

 

Той дәстүрге сай қымыз татудан басталды. Аудан әкімі Әділ Жоламанов қымызмұрындықтың терең тамыры жайлы сөз қозғап,  той қызығы жарассын деген тілегін айтты.

 

Қымызмұрындық тойына Ақтөбе, Жаңақала, Казталов, Бәйтерек, Тасқаладан жылқы баптап, тазы салған қаны қазақ жиналды. Тай, құнан жарыс, топ бәйге мен аламан өтіп, қыз қуу көрсетілді.

 

Білек күші, ептілік пен қайсарлық сыналған күрес, қой көтеру кезінде қазақ даласынан әлі талай батыр шығарына сендік. Тойдағы ең таңсығы тазылар жарысы, көкпар  мен аударыспақ болды.

 

Қымызмұрындық болған соң, қымыз ішілмей ме?! Қымызды кім көп ішер деп, сегіз адам жарысты. Мерлан Сайман қымызға да тойды, жүлдені де ілді.

 

Бие байлап, тәнге қуат сусын дайындап жүрген оншақты қожалық қымыз бәсекесіне түсті. Қымыз дәмін татып, әділ бағасын берген қазылар –Ақылбек Ишановтың қымызын ең дәмді деп мойындап, І орын байлады. Ат жарыста топжарғандарға Қамбар ата баласынан бастап, ірі қара, қой-торпақ байланды. Тазысы озғандардың қоржыны томпайды. Күрескен палуандар, асық атқандар, аударыспаққа түскендер, көкпар тартқандарға жүлде берілді.

 

— Аудандағы әр ауыл осы мерекені ұйымдастырса екен деймін. Оған қазір мүмкіндік бар ғой. Біріншіден, ата салтымызды  ұлықтар едік, екіншіден, дені сау ұрпақ өседі. Жастар дұрыс жол таңдап, аттан түспесе, нағыз ұлттық болмысымызды сақтаймыз. Бірнеше жылдан бері осы істі қолға алып жатырмыз. Идеямды қолдап, іліп әкеткен азаматтарға ризашылығым шексіз,- дейді жылқылы аула иесі  Бағдат Едресов.