21 Маусым 2019
301

Тұлпар тізгіндеген тасқалалықтар

«Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дəуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен əскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты». ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ə.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан.

Қазақ даласы күллі адамзаттың өміріне елеулі əсер еткен оқиғаларға куə. Ата-бабаларымыз жылқыға қатысты ашылған барлық жаңалықтың бастауында тұр. Демек, атқа міну мəдениеті – Ұлы даладан тараған деп айтуға толық негіз бар. Бүгінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көтерілген бастамалар еліміздің түкпір-түкпірінде қызу қолдау табуда. Мұндай игі бастаманы тасқалалық ағайындардың іске асырғандығы туралы сол ауданда болған іссапарымыз барысында көз жеткіздік. Жасөспірімдерді атқа мінуге баулу үйірмесін ашуға аудан басшылығының қолдауымен жергілікті қазынадан 2,5 миллион теңге қаражат бөлінген. Аталған істі кəсіпкер «Луч» ЖШС басшысы Нариман Мусенов те қолдаған. Ауданның жомарт азаматы өз шаруашылығынан мініс аттар беріп, оларды ұстайтын орны мен жем-шөбін де өз мойнына алған. – Жас жеткіншектерді атқа мінуге баулу туралы ой 1-2 жыл турасында айтылған болатын. Ауданымызға басшы болып келген Алдияр Халеловтың қолдауымен бұл игі іске де қол жеткіздік. Биылғы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлініп, балалар жəне жасөспірімдер спорт мектебінің жанынан «Ұлттық ат спорты» үйірмесі ашылды. Тегін өткізілетін үйірмеге 15 бала тартылған. Олар үш топқа бөлініп, жаттығады. Əзірге аталған бөлімде жалға алынған, міңгіге үйретілген алты жылқы бар. Олар ауыл шетінде орналасқан арнайы орында күтіліп, бапталады, – деді үйірме жаттықтырушысы Серік Абдрахманов.

Жаттығуға алғаш келген балаларға ат əбзелдері таныстырылып, атқа жақындау жəне міну мəдениеті үйретіледі. Алғашқы межелерді еркін бағындырған балалар жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, көкпар тарту секілді ұлттың ойындарға баулиды. Үйірмеге ауылдық жерде өсіп, бала жасынан ат құлағында ойнаған, кейін спорттың күрес түрімен шұғылданып, жасөспірімдерді баулыған Серік Абдрахманов жетекшілік етеді. Жаттықтырушының айтуынша, аталған үйірмеге келуші балалардың қызығушылығы зор. Жасөспірімдердің ұстазы болашақта ұлттық спорт түрлерінен өңір намысын қорғайтын сайып қырандарды баптауды міндет еткен. Тұлпар жалын тартып мінуді мақсат тұтқан Тасқала колледжінің студенті Айдын Ізімов аталған үйірмеге ашылған күннен бастап келген. Ата дəстүрге қызығушылығы мол жас өрен болашақта ұлттық спорттың майталманы болғысы келетінін айтады. Талабы таудай Айдын сөз арасында есейіп ер жеткен соң ат спортына баулитын жеке мектеп ашуды армандайтынын да тілге тиек етті. Құп делік. Бүгінгі қоғамда бар санасы мен уақытын компьютер мен смартфондар жаулаған жастар көбейгені жасырын емес. Алдындағы экранға телмірген, айналасында болып жатқан жайттарға бейжай қарайтын «мəңгүрт» ұрпақтың көзін ашып, санасын оятудың бірден-бір жолы – ол спортқа баулу екені сөзсіз. Бұл орайда ұлттық дəстүрді білуге, таза ауада серуендеп, денсаулығын нығайту жолында ат спортын дамытудың рөлі зор. Сондықтан өңіріміздің барлық аудан-ауылдары да дəл осындай бастаманы қолдаса, нұр үстіне нұр болар еді.