26 Маусым 2019
161

Қаратөбедегі экспедиция құрамы Ұзақ пен Мұхит баба кесенелеріне барды

«Тарихтан аты мəлім – Қаратөбе» атты экспедиция Аққозы ауылдық округінің аумағында орналасқан Ұзақ күйші кесенесінен басталды.

Алдымен күйші рухына құран бағышталды. Экпедиция мүшесі, аудандық М.Мералұлы атындағы тарихаи-өлкетану музейінің директоры Н.Меңдешов Ұзақ күйшінің өнері мен өмірі, кесене тарихы туралы баяндап берді. Күй атасы Құрманғазының ұстазы болған Ұзақ Мырзабайұлы Ақтұлым қорымында жерленген деген мəліметтер бар. Баба кесенесі басында халықаралық, республикалық күй байқауларының жеңімпазы Қайрат Байғұтты күйден шашу шашты. Экспедицияға қатысушы қонақтар арнайы тігілген ақшаңқан киіз үйге аялдап, дəм татты.

Ақтұлым қорымынан 23 шақырым жер жүріп, бірнеше жыл болыс болған Ақшолақ бидің мəйітіне келіп жеттік. Қаратөбе колледжінің директоры Мəулен Аманшаұлы Саралжын ауылдық округін бетке алған экспедиция мүшелеріне жол бойы да Ұзақ күйшінің өмірі мен қаратөбелік белгілі тұлғалар туралы сөз қозғады. Қарақамыс ауылынан 6 шақырым жердегі Ақбақай қорымында жерленген төре тұқымы Шəңгерей Бөкеев пен үш жүзге əн оздырған Мұхит Мералыұлының кесенесі басында дарынды əнші рухына құран бағышталса, Қызбике қорымында жатқан Барамық руынан шыққан Боғда күйшінің зиратына тағзым етілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, болашақта осы қорымда Боғда күйшінің кесенесін тұрғызу жоспарда бар.

Экпедиция түске дейінгі жұмысын Түркебай батыр зиратына барып, ол туралы тарихи деректер мен мағлұмат алумен аяқтады. Қарабура руынан шыққан батырдың ұлы Сейілден тараған ұрпақтары əлі күнге дейін баба рухына тағзым жасап тұрады.