05 Шiлде 2019
170

Аяқдопшылар алаңға шықты

Қаратөбе ауданы орталығындағы теннис корты алаңында Нұр-Сұлтан қаласы күніне орай шағын футболдан аудандық жарыс мəреге жетті.

Мереке құрметіне арналған спорттық шарада аудандық мəдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің бас маманы Еділбек Есқали Нұр-Сұлтан қаласы күні мерекесімен барша тұрғындарды құттықтап, спортшыларға сəттілік тіледі. Ойын ауылдық округтерден келген тоғыз команда арасында өрбіді. Командалар жарыс жолында үш топқа бөлініп, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Əр топтан ұпай саны басым бір команда жартылай финалға жолдама алды.

Футбол барысында аяқдопшылар тыңғылықты əзірлікпен келгендіктерін көрсетті. Жарыс қорытындысында Қаратөбе ауылдық округінің командасы жеңімпаз атанды. Ал ІІ орын Қалдығайты ауылдық округінің командасына бұйырса, ІІІ орынды Қоскөл ауылдық округінің ойыншылары қанағат тұтты.

Ойында шеберлігін көрсете білген Шоқан Серікұлы «Үздік шабуылшы», Нұрбол Кеңесов «Үздік қорғаушы», Асхат Мерғалиев «Үздік қақпашы», Еркебұлан Жүсіпқалиев «Үздік сұрмерген» аталымымен марапатталды.