10 Шiлде 2019
176

Ақжайық ауданының əкімі журналист Болат Есқалиевті құттықтады

Бүгін Ақжайық ауданының əкімі Қалияр Айтмұхамбетов аудандық «Жайық таңы» газетінің редакторы Болат Есқалиевті зейнет жасына толуымен құттықтады.

– Елімізге белгілі азамат, майталман журналист Болат Қосжанұлы 63 жасқа толып отыр. Саналы ғұмырын баспасөз ісіне арнаған ардақты қаламгердің бір саладағы 40 жылдық жұмыс өтілі аудан шежіресінен өзінің лайықты орнын алады. Осы уақыт аралығында аудандық «Жайық таңы» газетін жан-жақты дамытып, биік белестерге көтергені барша жұртқа аян. Бұқарамен тығыз байланыс ұстап, аудандағы маңызды оқиғаларды ел-жұртқа уақтылы əрі сапалы жеткізу жұмыстарын қалтқысыз атқарған ағамыздың баспасөздегі қолтаңбасы айқын. Келешекте де ел ісіне белсене араласып, халықпен бірге болады деп сенеміз. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін!-деді аудан əкімі Қ.Айтмұхамбетов. Сонымен қатар ол Болат Қосжанұлына алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты.

Кездесуде аудандық мəслихат хатшысы Сəлімгерей Сиражев, «Nur Otan» партиясы Ақжайық аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева, ардагер журналистер, бөлім, ұйым жетекшілері Б.Есқалиевқа ізгі тілегін арнады. «Жайық таңы» газетінің ұжымы Б.Есқалиевті құттықтап, естелік сыйлық табыстады.