10 Шiлде 2019
190

Мешіт жанынан сауат ашу лагері ашылды

Сырым ауданының мешіті жанынан балаларға арналған жазғы сауат ашу лагері ашылды. Бас имам Əлішер Ералиевтің айтуынша, лагерьдің негізгі мақсаты – діннің құндылықтарын сіңірген жас буынның қатарын көбейту.

Сауат ашу лагеріне қазіргі уақытта тұрақты түрде 37 бала қатысуда. Ұл балаларға 3, қыз балаларға 2 ұстаз білім беруде. Шəкірттер үш апта бойына ұстаздардан Құран əліппесі, ислам əдептері мен иман негіздері жөнінде сабақ алады. Балаларға қазақтың салт-дəстүрлерін ұғындыру, олардың дінмен ұштасқандығын түсіндіру, ауданның тарихи орындарымен таныстыру, Орал қаласына танымдық саяхат жасау да сабақ бағдарламасына кіріпті.

Лагерь келушілері білім алумен қатар, спорттық ойындар ойнап, шығармашылық байқауларға қатысып, жазғы демалыстарын да қызықты өткізіп жатыр. Олар үшін мешіттен жеңіл түскі ас ұйымдастырылған.