11 Шiлде 2019
303

Қаратөбеде республикалық əн байқауы аяқталды

Қаратөбе ауданында Қазақстанның халық əртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, əншікомпозитор Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдығына арналған ІV республикалық «Жезтаңдай, күміс көмей əн дүлдүлі» атты дəстүрлі əншілер байқауы қорытындыланды.

Байқаудың қорытындысында сөз сөйлеген Қаратөбе ауданының əкімі Жанат Асантаев өнер додасында төрелік еткен қазылар алқасы мен барша үміткерлерге алғысын жеткізді. Аудан басшысы Алматы қаласынан арнайы келген Ғ.Құрманғалиевтің ұлы Санат Құрманғалиевке, келіні Лəйлə Қабылқайырқызына, немересі Меруерт Санатқызына құрмет көрсетіп, иықтарына зерлі шапан жапты. Еліміздің əр өңірінен келген 22 үміткер байқау көрігін қыздырып І кезеңде Ғарифолланың бір əнін, Мұхиттың жоғары диапазонды əндерінің бірін жəне қатысушы өз аймағының əнін орындау шарты қойылды. Байқаудың алғашқы кезеңінің шарттарын мүлтіксіз орындаған 12 үміткер келесі кезеңге жолдама алды. Екінші кезеңде жоғарғы дауыс ырғағы мен орындаушылық шеберлігін көрсете білген Айдана Қаржаубаева (Нұр-Сұлтан қаласы) байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. І орынды Берік Амантаев (Атырау қаласы) иемденсе, жүлделі ІІ орынды Данияр Елеуов (Ақжайық ауданы) пен Нұрым Асқанов (Ақтау қаласы) еншіледі. Дəстүрлі əншілер байқауында ІІІ орынды Əділет Күзембаев (Ақтөбе), Армат Алдамжаров (Сырым ауданы), Нұршат Исламғалиевтар (Қаратөбе ауданы) өзара бөлісті.

Жезтаңдай əнші атындағы байқаудың дипломанты атанған Бейбіт Қажығалиев, Тілек Базаров, Кенесары Мизамов, Жұлдыз Сүндетқалиева, Əзімхан Баймағамбетовтер ақшалай сыйлыққа ие болды. ҚР Халық əртісі, қазылар алқасының төрағасы Қажыбек Бекбосын: – Бұл – өнер мейрамы. Ұстазымыз Ғарекеңнің аруағына табынған күн. Түкпірдегі Түркістаннан келіп ұстазыма арналған байқауда төрелік еткеніме қуаныштымын. Бірақ, өнерді қадірлеп, өнерді түсіне білетін жерге өнерпаздың келгісі келіп тұрады. Бізден кейінгі ұлттық өнерді жалғастырушы осы сахнада тұрған өнерпаздар. Бəріміз де қарапайым отбасынан тəрбиеленген қара табан бала болдық. Осы деңгейге жеткізген əуелі Алла, екінші ұстазым – Ғарифолла Құрманғалиев. Біздерді көрген, осы өнерді көрген талантты жастарымыздың санасында Ғарекеңнің аты өшпек емес, - деді.

Мəдени шараның гала-концертінде біртуар дарын иесі Ғ.Құрманғалиевтің төл шəкірттері Қажыбек Бекбосын, Хайдар Өтеғалиев, Қапаш Құлышева дəстүрлі əндерді əуелете шырқаса, Гүлмайдан Сүндетова Ғарекеңе арналған «Ағаны аңсау» əнін орындап берді.

Кеш барысында байқауға қатысушы Данияр Елеуов Алматыдан арнайы əкелінген Ғарифолланың өзі ұстаған домбырамен Таңжарбайдың əні «Бағиланы» орындап берді.