15 Шiлде 2019
240

Бəйтеректе «Цифрлық əліппе» жүйесі бойынша оқыту семинары өтті

Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен «Қазақ тілі» қоғамының бірлесе ұйымдастыруымен жаңа қазақ əліпбиін практикалық тұрғыдан меңгертуге бағытталған «Цифрлық əліппе» жүйесі бойынша интерактивті оқыту семинары өтті.

Семинар барысында ұйымдастырушылар қазақ тілінің жазу тарихы, латын таңбасына көшуі негізінде бейнеролик көрсетіп, латын əліпбиінің қолданысы туралы ақпаратпен таныстырды. Семинар аясында қатысушылар жаңа қазақ əліпбиін меңгеруге арналған жедел жаттығулар мен тыңдалым тапсырмаларын жəне лексика-грамматика жəне оқылым-жазылым бағытындағы тест тапсырмаларын орындады.

-Біз семинар барысында латын əліпбиінің тарихы, қолданылу аясы жөнінде ақпараттармен таныстық. Латын əліпбиін меңгеруге арналған жазылым тапсырмаларын орындап, жаңа таңбалы əліпбиді сауатты жазуға дағдыландық. «Цифрлық əліппе» жүйесі бойынша жаттығулармен жұмыстанып, практикалық тұрғыдан бірегей ақпараттық жобаның қажеттілігін ұғындық. Алдағы уақытта да сауаттылық дағдысын арттырып, тың ақпарат жеткізетін осындай оқыту семинарлары жиі болып тұрса игі еді,-дейді семинарға қатысушы Нұрлыбай Сəкенов.