17 Шiлде 2019
487

Жəнібектік сурет жəне қолөнер шеберлерінің көрмесі ашылды

Ұлттық құндылықтарымызды дəріптеу мақсатында Оралдағы Қадыр Мырза Əли атындағы мəдениет жəне өнер орталығында Жəнібек ауданы суретшілері мен қолөнер шеберлерінің көрмесі ашылды.

Аталған шараның ашылуында сөз алған Жəнібек ауданының əкімі Азамат Сафималиев ауданда ұлттық құндылықтарды, дəстүрімізді, өнерді дəріптеу бағытындағы істерге тоқталды. Қазақстанның қасиетті нысандарының қатарына кірген Ғұмар Қараш жерленген орын, бой көтерген кесене біртіндеп ішкі туризмге ықпал ете бастағанын айтты. Қадыр Мырза Əли атындағы мəдениет жəне өнер орталығы директорының орынбасары Мəди Сабыров көрмені ұйымдастырушыларға алғыс хат табыстады. Көрмеге суретшілер Төлебек Есімғалиев, оның суретші егіз ұл-қызы Нағим мен Нағима Төлебековтер, Самиғолла Лұқпанов, қолөнер шеберлері Елдос Сағадатов, Ақтоты Қалиева, Айнұр Тұңғатарованың жұмыстары қойылған. Көрменің салтанатты ашылуына келген жұртқа өнер туындыларын аудандық мектептен тыс жұмыстар орталығының қосымша білім беру педагогы, қолөнер шебері Елдос Сағадатов таныстырды. Көрме бір ай бойы көрерменін күтеді.