16 Шiлде 2019
361

Қаратөбеде татуласу орталығы ашылды

ҚР Жоғарғы Сотының басым жобаларын орындау, дауларды соттан тыс шешу институттарын насихаттау жəне дамыту, қоғамда жанжалды азайту бойынша халықпен жұмыс істеу үшін бірыңғай алаң құру мақсатында Қаратөбе ауданында татуласу орталығы ашылды.

Татуласу орталығының ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан əкімі Жанат Асантаев: – Медиация институтын жан-жақты насихаттау, ел ішінде туындаған келіспеушіліктердің алдын алу жəне халықтың ауызбіршілігін нығайту бағытында татуласу орталығы ашылып отыр. Қоғамдағы даулардың өршіп кетпеуінің алдын алу мақсатында аудандағы билер кеңесі мен кəсіби емес медиаторлар халықпен жұмыс жасайтын болады. Түскен шағымдарды сотқа жеткізбей тараптарды татуластыру мен тұрғындардың ынтымағын нығайтуға зор ықпал етеді, - деді. Тараптарды татуластыруға арналған орталықтың маңызы мен атқаратын негізгі жұмыс бағытына тоқталған аудандық соттың төрайымы Бақытгүл Жəңгірова мен аудандық билер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев татуласу орталығының лентасын қиды. Жаңадан ашылған орталықта аудандық билер кеңесі, кəсіби емес медиаторлар дауды бейбіт түрде шешу үшін жұмыстар атқармақ. Сонымен қатар, дауларды шешудің соттан тыс тетіктері туралы халықтың хабардарлығын арттыруға, қоғамдағы қайшылықты азайтуға, азаматтардың құқықтық мəдениетін қалыптастыруға көмектесетін болады.