18 Шiлде 2019
353

Ұлттық спорт түрлерінен облыстық V фестиваль Ақжайық ауданында өтеді

1-4 тамызда Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасы мен Ақжайық ауданы əкімдігінің ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрлерінен облыстық V фестиваль өтеді.

Осыған орай аудан əкімі Қалияр Айтмұхамбетов ұйымдастыру комитетінің отырысын өткізді. Шараға аудан əкімінің орынбасары Тимур Шиниязов, бөлім, мекеме басшылары, еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты. –Ауданымызда ұлттық спорт түрлерінен өткелі отырған облыстық фестиваль біз үшін зор жауапкершілік жүктейді. Ұлттық құндылықтарымызды дəріптеп, жас ұрпақтың санасына сіңіру басты мақсатымыз болып табылады. Ауданымызда ұлттық спортты дамыту ісі жүйелі жүргізіліп келеді. Аталмыш фестиваль осы жұмыстарымызға зор серпін берері сөзсіз,-деді Қ.Ш.Айтмұхамбетов. Осында аудандық «Жігер» спорт клубының директоры Марат Ығылманов фестивальді ұйымдастыру бойынша жоспарларды ортаға салды. Оның айтуынша, ауқымды шараға облысымыздың аудандары түгел қатыспақ. Əр ауданнан 80-ге жуық қатысушы, басқа да меймандар келеді деп күтілуде. Аудан орталығындағы Чистинкий алаңында өтетін ұлттық спорт мерекесінде аламан бəйге, құнан бəйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, тоғызқұмалақ, асық ату мен бес асық, қазақ күресі, жамбы ату, ұлттық жекпе-жектен тартысты сайыстар, яғни спорттың 11 түрінен бəсекелер ұйымдастырылмақ. Фестиваль 2 тамызда аталған Чистинкий алаңында, сағат 18.00-де ашылады. Қ.Айтмұхамбетов осы шараларды ойдағыдай өткізу керегін баса айтты. Жарыстар өтетін алаңдарды дайындап, олардың тазалығына мəн беру, жарықпен қамтамасыз ету, келушілердің уақытын тиімді өткізу үшін мəдени-көпшілік шараларды мазмұнды ұйымдастыру жайын еске салды. Əсіресе, алаңда, жарыс өтетін ғимараттарда, алаңдарда денсаулық сақтау, құқық қорғау саласының мамандары, төтенше жағдайлар, өрт сөндіру бөлімдері, мал мамандары сақтық шараларын қатаң сақтау керек. Фестивальге қатысатын ауданымыз командасының даярлығын пысықтаған аудан басшысы дүбірлі доданың бəсі биік екенін, оны абыроймен өткізу ақжайықтық баршаға зор міндет пен үлкен сын жүктеп отырғанын қаперге салды.