19 Шiлде 2019
387

Ақсайда «Иман балабақшасы» есік ашты

Бөрлі аудандық мұсылмандар мешітінің жанынан «Иман балабақшасы» атауымен балалар сауат ашу лагері ашылды. Мұсылмандық білім сатысымен таныстыратын лагерьге балаларын əкелген ата-аналардың қарасы көп болды.

- Сауат ашу курсына алты жастан асқан балалар қабылданды. Лагерьдің басты мақсаты бүлдіршіндерге діни сауаттың алғашқы əліппесін үйрету. Бұл алдағы уақытта теріс ағымдардың балалардың санасын уламау үшін жасалып жатырған қадам деп түсінген дұрыс. Сондықтан осы бастаманы қолға алып, тəуекел жасап жатырмыз. Балалар мен қыздарға сабақ бөлек өтеді. Күніне үш сабақ өткізіледі. Екінші сабақтан соң балаларға тəттілер мен сусын берілетін болады. Сонымен қатар мешіттің ауласына ойын батуты құрылады. Сабақтан кейін түрлі бағдарлама ұйымдастырылмақ. Бізді қолдап балаларының білімге ұмтылуына мүмкіндік беріп отырған атааналарға үлкен рақметімізді айтамыз,-дейді ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Парасат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бағдат Шақаев.

Он күн бойы мұсылмандық, имандылық əліппесі, «Дəстүрім діңгегім» секілді бағыттарда білім берілмек. Оқу мерзімі аяқталғаннан кейін лагерьге қатысушылар арасында білім сайысы өткізіліп, сауат ашу курсының қорытындысы жасалып, арнайы сертификаттар табысталмақ. Сабаққа белсенді қатысқандарға естелік сыйлықтар да ұсынылады. Алғашқы оқу күні 25 ұл мен 25 қыз бала тіркеліп, сабақ басталып кетті.