30 Шiлде 2019
206

«Zhas Projeсt» кəсіпкерлікке жетелейді

Жастар жылына орай елімізде «Zhas Projeсt» жобасы жүзеге асып, көптеген жеңімпаз жастар 1 млн. теңгенің грантына ие болған еді. Жобаға Ақжайық ауданынан кəсіпкерлікке ниетті қызжігіттер өз бизнес жоспарларын ұсынып, бақтарын сынады. Алғашында құрамында 322 жас болған 104 команда өздерінің əлеуметтік жобаларын ұсынған еді. Үш рет өткен іріктеуден 92 қыз-жігітті қамтыған 30 жоба үздік танылды.

 

Олардың ішінде айталық, құс фермалары, наубайхана, иппотерапия, саумал өндіру, жылжымалы 3D кинотеатр, тағы басқа кəсіп көздері болды.

Ырыс басы – екі бұзаулы сиыр

 

Сол үздік танылғандардың бірі – сүт өнімдері жобасы. Мемлекеттен берілген мүмкіндікті мүлт жібермеген жоба жетекшісі Бексұлтан Мақсотов, команда құрамындағы оның зайыбы Назерке Бижанова, Ақмарал Серіковалар осы жолда көп ізденді. «Zhas Projeсt» жобасына үміткерлер жинау басталған сəттен олар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білді. Бизнес жоспарларын мал шаруашылығына қарай бағыттады. Ауыл əкімдігімен, сала мамандарымен ақылдаса келе осындай байлам жасаған.

 

Грантты ұтып алғасын жамбылдық бұл топ 28-30 маусым аралығында аудан орталығында аталмыш жобаның өңірлік координаторлары ұйымдастырған оқуларда бизнестің қыр-сырын үйренді. Ақшаның жартысы қолға тигесін олар жамбылдық бір тұрғыннан 2 бұзаулы сиыр сатып алды. Мал мамандарына жүгініп, алған түліктерінің саулығына көз жеткізді. Топ жетекшісі өз үйі аумағынан малға қора салды. Сөйтіп, жаңа тірлікті бастады.

 

Жоба талаптарына сəйкес, грант ұтқандар 6 ай бойы əлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тегін көмек көрсетуі керек. Бұл үшін осы уақыт ішінде мемлекеттен берілетін шəкіртақы да қарастырылған. Бексұлтан Салауатұлы алдымен ауылдық округ əкімі Қайыржан Елешовпен ақылдасып, əлжуаз топтағы 14 отбасын анықтады. Олардың екеуі жалғызбасты ана, қалғандары көпбалалы жанұя болып табылады. Сол отбасылар мүшелерімен кездесіп, 6 ай бойы сүтпен тегін қамтамасыз етіп тұратындарын хабарлап шықты. Бəрі де ауыл жастарының бастамасына қолдау білдірді. Оның үстіне таза, табиғи сүт болғасын, кім бас тарта қойсын. 6 ай аяқталған соң зеңбі баба тұқымы топ мүшелерінде қалады. Міне, жетістікке жол осылай қаланады емес пе?

Бексұлтанның зайыбы Назерке екі сиырдан күніне 10 литр сүт алады. Сауылған сүтті күніне екі отбасына таратып шығады. Яғни, бір аптада 14 отбасын қамтып отыр. Ал Ақмарал түліктерді өріске шығарып, кешке қарсылап алады. Жас кəсіпкерлер малдан артылған ақшаға түліктердің жемшөбін де дайындады. Ауыл тұрғынының бірінен 30 тайланған шөп сатып алды. Алда-қыраулы кезең. Енді гранттың екінші жарты ақшасы түскесін, тас қора салуды жоспарлап отыр. Аумағы 6х8 метр болатын қора ұлутастан салынады.

 

Əр нəрсенің сұрауы бар ғой. Мемлекет қамқорлығынан арна тартқан аталмыш жоба арқылы берілген қаржының кəсіп пайдасына толық жұмсалуы əлбетте, олардың мықты қаперінде. «Берекеліктер» өз шаруалары бойынша ай сайын есеп-қисап тапсырады. Одан бөлек, күнделікті жұмыс барысын əлеуметтік желілерге тұрақты жариялап отырады.

 

Бексұлтан біраз уақыттан бері оңтайлы жұмыс таба алмапты. Тарих пəнінің мұғалімі ол екі жыл Ақсуат ауылдық округіндегі С.Ошанов атындағы орта мектепте қызмет істеген. Алайда үй мəселесі шешілмегесін, Жамбылға қайтуға мəжбүр болған. Содан кейін Атырау облысында ауысымдық жұмыстарда жасады. Тұрақты жұмыс болмағасын, кəсіп көзін ашуды ойлап жүрген оған «Zhas Projeсt» жобасы іздегенге сұраған болды.

 

– Жұмыссыз жүрген жарамайды ғой. Сондықтан осы жобаға қатысып көруді жөн көрдім. Жеңімпаз атанып, жұмысымызды сəтті бастадық. Бұрын өзімде мал болмағасын, осы түліктерді сатып алғанда қуанышымызда шек болмады. Қандай істі де дөңгелетіп əкетуге болады. Тек ниет, сауат керек. Барынша қолдау көреткен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталыққа, ауылдық округ əкімдігіне зор алғысымды айтамын,-дейді Б.Мақсотов.

Аудандағы алғашқы автотігін жобасы

 

Келесі үздік жобаның бірі – «Тюнинг» автотігін жобасы. Жеңімпаздар «Zhas Projeсt» жобасы арқылы грант иегері атанатындарын алдын ала білгендей. Себебі, мұндай кəсіп ауданымызда əлі күнге дейін болған жоқ. Топ жетекшісі Ерлан Шалғынбаевтың айтуынша, олар автокөлік салонын қаптаумен, безендірумен айналыспақ.

 

Қандай да бір кəсіп ашуды көздеп жүрген Ерлан Саттарбекұлы, топ мүшелері Лунара Сағындықова, Меңсұлу Мұқанғалиевалардың қадамы аудан үшін тың жаңалық болды. Сөйтіп, 1 млн. теңгенің тегін грантын ұтып алған топ міне, Чапаевта алғашқы қам-қарекетке көшті.

 

Қаржының бір жартысын иеленген олар бүгінде тұрғындарға үйден қызмет етуде. Орал қаласынан бірі 255 мың, екіншісі 175 мың теңге тұратын арнайы тігін машиналарын əкелді. Автокөлік салондарын жаңартуға материалдардың бірнеше түрін алды. Көлік болғасын, уақыт өте келе орындықтары мен рөлінің қаптамалары ескіріп, жыртылады ғой. Сондай кезде бұларды жаңартып алғысы келетіндер аз емес. Міне, енді мұндай қызмет түрі аудан орталығында да бар.

 

Жоба қағидаларына сай, олар сала мамандарымен ақылдасып, Чапаев ауылдық округі бойынша əлеуметтік əлжуаз отбасылардың тізімін жасақтады. 6 ай бойы осы округтегі 18 отбасына дəл осындай көмек көрсететін болды. Əсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандары бар жанұяларға басымдық бермек. Бұл олар үшін зор көмек, қамқорлық қой.

 

–Еңбек етемін деген адамға бүгінде мүмкіндіктің бəрі қарастырылған. Кəсіптің осы түрін ашу көптен ойда жүр еді. «Zhas Projeсt» арқылы міне, соған қол жеткіздім. Өзім бұрыннан автокөлік жөндеумен айналысамын. Бұзылған көліктерді ара-тұра үйден жөндейтінім бар. Болашақта істі өркендетіп, кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Əсіресе, бүгінде қазақы ою-өрнектері бар қаптамаларды сұраушылар көп. Ою-өрнек кестелеу үшін де арнайы тігін машинасы керек. Соны сатып алу үшін жұмыстанудамыз,-дейді Е.Шалғынбаев.

 

Əлеуметтік желілерге күнделікті жариялап отырғасын, тапсырыс берушілер де біртіндеп табылып жатыр. Əсіресе, такси жүргізушілері қызығушылық танытуда. Əрине, жолаушылар үшін де такси автокөліктердің іші таза əрі сəнді болғаны маңызды емес пе? Топ басшысының айтуынша, бір көліктің ішін қайта сəндеп шығуға жоқ дегенде екі-үш күн кетеді екен. Лунара мен Меңсұлу тігін машиналарымен қаптамаларды дайындайды. Ерлан болса, дайын қаптамаларды көлік орындықтарына шақтап, үйлестіріп береді. Міне, керек кəсіптің көзін тапқан чапаевтық ынталы жастардың жұмысы барша құрдастарына зор үлгі. Олар бизнестерін одан əрі жан-жақты дамытуға, əлжуаз топтағы жандарға көмек көрсетуге зор ынта-ықыласпен кіріскен.

 

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН