31 Шiлде 2019
271

Ақсуатта ойын алаңы пайдалануға берілді

Ақжайық ауданындағы Ақсуат ауылдық округі орталығында «Балдəурен» балалар ойыны алаңы пайдалануға берілді. Бұл алаңды салып берген осы ауылдың түлегі, бүгінде Бударин ауылдық округіндегі «Аманер» шаруа қожалығының жетекшісі Қанат Досқалиев. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Туған жер» жобасына үн қосқан кəсіпкер азаматтың бұл ісіне ауылдастары дəн риза болып, алғыстарын жаудырды.

Алаңның ашылу салтанатына аудан əкімі Қалияр Айтмұхамбетов, аудандық мəслихат хатшысы Сəлімгерей Сиражев, Бөкей ордасы, Жаңақала, Сырым аудандарынан ақжайықтық шаруа азаматтың тұстастары, тілектестері болып табылатын белгілі кəсіпкерлер қатысты.

– Міне, елім, жерім деген азаматтар туған ауылының түлеуіне зор үлес қосуда. Елбасымыздың бағдарламалық мақаласы осындай жаны жомарт кəсіпкерлерге бағыт меңзегені анық. Аты алысқа кеткен «Аманер» шаруа қожалығының жетістіктерін, оның жетекшісі Қанат Бақтығалиұлының шаруашылықтағы зор еңбегін əрдайым бағалаймыз. Еліне қарайласып, ақсуаттықтарға қуаныш сыйлап жатқан оған алғысымыз шексіз. Қашанда табысқа жетіп, өрлей беріңіз,-деді аудан əкімі Қ.Ш.Айтмұхамбетов кəсіпкерге алғысхат табыстап тұрып. Сонымен қатар ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аудан көлемінде атқарылып жатқан ауқымды жобаларды атап, демеуші кəсіпкерлердің атқарған өнегелі істерін ризашылықпен əңгімеледі.

Аумағы 20х25 метр болатын балалар ойын алаңы бүлдіршіндер үшін керемет орынға айналмақ. Қ. Досқалиев құны 6 млн. теңге тұратын алаңды құрылысшылармен, ауыл жігіттерінің көмегімен 2 ай уақыт ішінде салып бітірген. Мұнда əткеншектің түр-түрі, сырғанақтар, кермелер, құм төселген үйшіктер, демалыс орындықтары, сəнді темір қоршаулар, жарық бағаналары орнатылған. Ортасына жасанды шөп төселіп, айналасы қиынды таспен абаттанған. Осы орынға бүлдіршіндермен қатар мектеп жанындағы шағын орталықтың тəрбиеленушілері де қызықты уақыттарын өткізбек.

–Ауылға көмек қолын созуға əрдайым дайынбыз. Осы нысанды салу көптен ойда жүр еді. Отбасымызбен ақылдаса келіп, ақсуаттық балаларға осындай сый жасадық. Олар үшін де қаладағы балалардай, түрлі ойын алаңдары барған сайын көбейіп, кішкентайлар асыр салып ойнап өсуі керек. Қуаныш құтты болсын,-деді сөзден гөрі іске бейім Қ.Досқалиев.

Осында ауылдық округ əкімі Ақан Ғұбайдуллин құттықтау сөз сөйлеп, кəсіпкерге естелік сыйлық табыстады. Аудандық мəслихат депутаты, қыр төсін еңбегімен түлеткен ақсуаттық тағы бір танымал кəсіпкер Ақылбек Сағитов, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Əбухан Шоқалақов Қ.Досқалиевтің іскерлігін, туған еліне жанашырлығын, бұған дейін де қомақты қаржымен ауылға көмектесіп тұрғанын əңгімеледі. Ə.Шоқалақов ауылдастарына осындай керемет алаңды күтіп ұстау керегін баса айтты.

Осы күн құрметіне орай аудандық «Балдəурен» əн байқауының жеңімпазы Гүлдария Тілекқабыл əннен шашу шашып, бүлдіршіндер би биледі. Ақылбек Сағитов алаңға жиналған балғындардың бəріне балмұздақ, түрлі тəттілерді тегін таратты.