02 Тамыз 2019
177

Аудан əкімі Елтай, Талдыбұлақ ауылдарының тұрғындармен кездесті

Сырым ауданында аудан əкімі Төлеген Төреғалиевтің бастамасымен құрылған жұмыс тобының ауылдық округтердегі сапарлары жалғасуда. Сырым ауданы əкімінің орынбасары Ерболат Ахметов жəне жер қатынастары бөлімі, мемлекеттік кірістер басқармасы, халықты жұмыспен қамту орталығының өкілдері шаруашылық құрылымдардағы еңбек күшінің заңдастырылуы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы секілді мəселелермен танысып, іс жүзіндегі ахуалды зерделеуде.

Сырым ауданының əкімі Төлеген Төреғалиев Елтай, Талдыбұлақ ауылдық округтерінде жұмыс сапарымен болып, тұрғындармен кездесті. Кездесудің күн тəртібінде – жұмыс тобының қорытындысы, яғни шаруашылықтардағы еңбек қатынастарының реттелуі, халықты құқықтық сауаттылығын арттыру, кəсіпке ынталандыру мəселелері айтылды.

-Батыс Қазақстан облысының əкімі Ғали Есқалиев аудан əкімдеріне жеке инвестицияның көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу жəне халықпен кездесуді қарапайым əрі нəтижелі ету жөнінде тапсырма берді. Салық базасын инвесторлар есебінен молайтуды, биліктің халық үшін ашық əрі қолжетімді болуын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі талап етіп отыр.

 

Көлеңкелі экономикадан халықтың өзі шығуы керек. Мың шақырым бір қадамнан басталатыны секілді, үлкен жұмыс кішкентай амалдан басталады. Егер əрбір тұрғын жасаған саудасы үшін чек талап ететін болса, соның өзі тұрғынның ауданның салық базасына қосылған қаржылай үлесі, былай қарағанда, елдің дамуына тигізген септігі болып саналады. – деді аудан əкімі Төлеген Төреғалиев.

Жұмыспен қамтудың барлық тетіктерін пайдалану, жерлерді игеру мəселелері де қос округ тұрғындарына басшылардың тарапынан түсіндірілді.

 

Талдыбұлақ ауылдық округіндегі кездесуде тұрғындар мектептегі маман тапшылығы мəселесін көтерді. Талдыбұлақ орта мектебі бүгінгі күні математика жəне химия пəндерінің мұғалімдеріне зəру. Осы секілді ауыл іргесінде бөгетті бөгеу, ауылдан дəріхана ашу, ұялы байланысты қосу жөнінде ұсыныстар айтылды. Талдыбұлақтықтар қожалықтардан сапалы мал азығымен ауыл үйлерін толық қамтуды əрі тиімді бағаға сатуды сұрауда.

 

Кездесулерден кейін Төлеген Төреғалиев тұрғындарды жеке мəселелері бойынша қабылдады.