02 Тамыз 2019
250

Ауылдарда өткен Ашық əкімдік нақты міндеттер жүктеді

Шыңғырлау ауданының барлық ауылдық округтерінде Ашық əкімдік күндері оздырылды. Аудан əкімі Альберт Есалиев бастаған мекеме, бөлім басшылары халықпен жүздесіп, олардың сұрақтарына жауап беріп, ой-пікірлерімен бөлісті.

Алмазда жұртшылық аудан орталығынан келген басшылардан өздеріне қажетті мағлұматтар алып, ақыл-кеңестеріне қанықты. Қазіргі таңда ауылдағы шөп, жұмыссыздық, мал бағатын бақташының жоқтығы туралы мəселелер ортаға салынды. Ауыл-елдің жағдайы тек қана Үкімет тарапынан ғана емес, жергілікті халықтың ынта-жігеріне, еңбекке деген қабілетіне де тікелей байланысты екендігін аудан əкімі əрбір жұмыс сұраушы тұрғынға шама-шарқынша түсіндіріп бақты.

 

- Көптеген мəселелердің ауыл пайдасына шешіліп жатқандығы, шағын жəне қомақты несиелер, көмек қолдаулардың нақты екені айдан анық. Тек заман ағымына қарай қарекет қылып, қол қусырып отырмаған жөн,- деді аудан басшысы.

Ақшаттағы іссапарда ауыл-елде мал басының көбейіп, шағын кəсіпкерліктің дамып келе жатқанының да куəсі болдық. Əсіресе, мал өнімдерін пайдалану арқылы үйдің бюджетін толықтырып отырған ауыл əйелдерінің еңбектері зор. Сары май, құрт-ірімшік, тары-талқан сатып отырғандардың дені тек күн көріс үшін емес, бұл жұмысты бизнеске айналдырғандары да бар екен. Базарда тұрып уақытыңды алғанша, үйден-ақ What'app желісі арқылы сауда- саттығыңды жүргізе бересің дейді жаңашылдыққа ден қойған ауылдағы əжелер.

 

Жұмыс жөнінде аудан əкімімен арнайы кездескен бір топ ақшаттық тұрғындар бəрінің де биржаға тіркеліп жұмыс істеп жүргендерін, бірақ тұрақты жұмыстың жоқтығынан тағы да өтінішпен келгендерін жасырмады.

 

Ашық əкімдік күндері Қарағаш, Ақбұлақ ауылдық округтерінде жалғасын тапты.

Тұрғындар көкейтесті сұрақтары бойынша басшылармен жеке-дара сөйлесуге мүмкіндік алып, олардың жауаптарына қанағаттанды. Бұл округтерде де биылғы жылғы шөптің тапшылығына орай бағаның қол жетімді болуын қадағалау, жұмыс мəселесі, қараусыз мал, бақташының жоқтығы туралы тұрғындардың арыз-шағымдары тыңдалды. Ауыл тұрғындарына жұмыспен қамту шаралары, шағын несие, құс өсіру, сүтті, етті ірі қара мал сатып алудың жолдары, əлеуметтік қолдау туралы тағы бір мəрте түсіндірілді.

 

Көрші ауылдарға қарағанда, Қарағашта мал басы көп емес, ал шөп бағасы шығымына қарай болар, аз-мұз арзанырақ. Бір орам шөпті 1800 немесе 2000 теңгеге сатып алуға болады. Десек те, тұрғындардың оны да місе тұтпай отырғаны көңілді жүдетеді. Жері шүйгін, суы мол Қарағаш жерінде, əсіресе, асыл тұқымды мал шаруашылығын өркендету дұрыс болар еді, осы тұрғыда мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалар бойынша біраз істер атқарылса деген бағыттар берілді. Ауыл тұрғындарына осы бағытпен сүтті мал тұқымын алып өсіруге кеңес берілді.

 

Ақтау ауылдық округінде өткен ашық əкімдік шарасында тұрғындардың өтініштері негізінен алдағы уақытта ауыз су қорының жинақталуына деген алаңдаушылықтан басталды. Сонымен қоса ауылда интернет желісінің жоқтығын тілге тиек етіп, аудан басшысына өтініштерін айтты, жол мəселесін, сатылымға шыққан шөп бағасы, жұмыссыздық туралы мəселе көтерді. Дəрігерлік қызметке деген шағымдары да қаперге алынды.

 

Ашық əкімдік шарасы ауыл-елдің тыныс-тірлігімен жете танысуға тағы бір мүмкіндік болып, алдағы күннің жоспарына нақты міндеттер қойылды.