02 Тамыз 2019
27

Жымпитыда 15 дана бейнекамера орнатылды

Қоғамдық құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Сырым ауданының орталығына 15 дана бейнекамера орнатылды. Кеше Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев әріптестерімен бірге аудандық полиция бөлімінде болып, камералардың жұмысымен танысты. 

 

Бақылау камералары Жымпитының 5 нүктесіне, Орал, Ақтөбе қалалары бағыттарындағы кіреберістеріне және басты көшелеріне қойылған. Әр нүкте 3 камерамен жарақталған. 2 камера қозғалыссыз режимді түсірілім жасаса, 1-еуі айналаны толықтай шола алатын қабілетке ие. Сырым аудандық полиция бөлімінің бастығы Бақтығали Қожахметовтың айтуынша, біріншіден, камералардың түсіру сапасы өте жақсы, екіншіден, олар полиция бөлімімен радиокөпір арқылы байланыс жасайды. Яғни, бұрынғыдай желілердің үзіліп қалу жағдайлары енді болмайды. Бақылаушы «көздердің» түнгі уақытта да «көре алатын» мүмкіндігі бар

 

Камералар арқылы аудан полицейлері құқық бұзушылықтардың алдын алады әрі салдарын еркін анықтай алады. Жаңа камералар көлік жүргізушілерін де тәртіпке салатын түрі бар. Жарықтың жағылмауы, қауіпсіздік белдігінің тағылмауы, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы – енді бәрі камералардың назарында. Полицейлер кез келген жүргізушіні айқын дәлелмен жауапкершілікке тарта алады. Жаңа бейнебақылау камераларын орнату үшін жергілікті бюджеттен 15,2 млн. теңге қаражат бөлінді. Бұл бағытта жұмыстар жалғаса бермек. Техник мамандардың сөзіне сүйенсек, аудандық полиция бөлімінің ғимаратына қойылған сервер 80-100 камераның «жүгін» көтеруге қауқарлы.