05 Тамыз 2019
452

Қазталовтық шенеуніктер «Book Reаd» жобасын қолдауда

Қазталов ауданы əкімі аппаратының мамандары «Book Reаd» жобасына белсенді үн қосуда. Аудан əкімі аппаратының басшысы Айбек Жаншаұлының қолынан Мұхтар Əуезовтің "Абай жолы" кітабын байқап қалдық.

- Бұл жобаны біз сəуір айынан бастадық. Жобаның мақсаты - қоғамдық жұмыс орнында жасайтын қызметкерлердің жұмыстан бөлек уақытта əртүрлі жанрда кітап оқып, бір-бірімен бөлісуі болып табылады. Жаңа бастама қарқынды түрде дамып келеді, - дейді аппарат басшысы.

 

"Бұл бастама арқылы көптеген кітаптармен таныстық, үнемі жаңаны іздейміз, басқалармен бөлісуге асығамыз. Ауданымыздағы кітапханамен тығыз байланыстамыз. Қызметкерлердің кітап оқуға деген ынтасы молырақ. Əсіресе, тарихи жəне психологиялық тақырыптардағы кітаптарға көбірек ден қоюда. Мұхтар Əуезовтің «Абай жолы», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе», Əбдіжəміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» туындылары талқыланды", - деген бірыңғай персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы Айша Əбішеваның пікірі бізді қуантып тастады.

Жұмыс уақытынан тыс кезде жиналыс залында барлық қызметкерлер өздері оқыған кітаптарын алып келіп, оқыған əдебиеті туралы жалпы түрде 5-10 минут баяндайды. Бір ерекшелігі: кітаптар қайталанбайды жəне екі тілде оқи береді. Уақытты тиімді пайдалану үшін, қоғамдық мекемеде жұмыс жасайтын қызметкерлер қазіргі заман талабына сай электронды əдебиеттеді ғаламтор желісінен жүктеп оқиды.

 

Бақылау жəне қаржы-шаруашылық жұмыстар бөлімінің бас маманы Жұлдыз Асхатқызы: «Жұмысымызды атқара жүріп, «Book Reаd» жобасы арқылы көбірек ізденуге тырысамыз, кітапханамен байланыстамыз, кейде электронды түрде оқып аламыз. Соңғы рет оқығаным Л.Толстойдың "Война и мир" деген кітабы. Көбінесе мотивациялық жəне психологиялық шығармалар жақсы. Ойың өзгереді, проблемадан шығу жолын шығармадағы сюжеттермен байланыстырасың, өмірмен ұштастырасың, шаршағанда демаласың»,- деп жобаның пайдасы жөніндегі өз пікірін жеткізді.

 

кез келген адамның, соның ішінде басшылық қызметте жүрген шенеуніктердің өз ойын еркін жеткізіп, көсіле сөйлей білуі үшін кітап оқып, тілін дамытудың əсері мол болмақ. Рухани азығы мол бастама басқа да мекемелер тарапынан қолдау табарына сенім мол.