06 Тамыз 2019
784

БҚО-ның V ұлттық ойындар фестиваліне 500-ден астам спортшы қатысты

Ақжайық ауданының орталығында облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасы мен аудан əкімдігінің ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрлерінен Батыс Қазақстан облысының V фестивалі өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларына орай ұлттық спорт түрлерін дамытуды мақсат еткен ұлы дала ойындары екі күн бойы даланы дүбірге бөледі. Орал қаласы мен 12 ауданның командалары спорттың 11 түрінен бəсекеге түсті. Жалпы фестивальге 510 спортшы қатысты.

Меймандостық танытып, қонақ командаларға төрін ұсынған ақжайықтықтар жарысқа қатысушыларды ерекше салтанатпен қарсы алды. Осындай жоғары деңгейдегі спорттық шараның ашылу салтанаты тіптен ерек өтті. Жайықтың қос қапталын жайлаған жайсаң елден жалауларын желбіретіп келген командалардың шеруі шараның шырайын асырды. Бəйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі, ұлттық жекпе-жек түрлерінен бақ сынаған барша қатысушыларға жиналғандар сəттілік тіледі. Аудан əкімі Қалияр Айтмұхамбетов, облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Əсия Аманбаева, мəртебелі ел қонақтары, еңбек, спорт ардагерлері, қалың жанкүйерлердің тілегі арнасынан тасығандай.

Салтанатта жұртшылыққа сахналық көрініс ұсынылды. Мəдениет қызметкерлері түрлі көріністер арқылы ата-баба арманын, аманатын жеткізді. Сахна төріне Қыдыр ата көтеріліп, жиналғандарға бата берді. Бишілер ұлт-ұлыстар достығын əйгілеген билер орындады. Мəңгілік ел символы түрлі қимылдар, көрнекіліктер арқылы көрсетілді.

Жарыстың бірінші күні командалар алдымен көкпар ойындарын өткізді. Тасқала мен Қазталов, Жəнібек пен Орал, Шыңғырлау мен Бөрлі, Ақжайық-Қаратөбе-Жаңақала командалы арасында өткен тартысты ойындар жарыстың көрігін қыздырды. Ат жалына жармасқан жігіттер ортадағы көк серкенің көкетін сөгіп, барларын салды. Əсіресе, Жəнібек, Шыңғырлау, Тасқала, Ақжайық көкпаршылары ерекше ойын өрнегін көрсетіп, салым санын көбейтті.

Осы фестивальде жұртшылық үшін жаңалық болған – ұлттық жекпе-жек бəсекелері. Он түрлі салмақ дəрежесінде сегізбұрышты рингте атой салған қыз-жігіттер жекпе-жектен аянып қалған жоқ. Алты сағатқа созылған бəсекелерді тамашалаушылар да осы уақыт бойы бір орыннан тапжылмады. Əсіресе, 57 келі салмақ дəрежесінде ешкімге дес бермеген ақжайықтық Əліби Теміртасовқа тең келер ешкім болған жоқ. Əлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген жүлдегер жерлесіміз жарыс барысында өз биігінде болды. Бұл спорт түрлерінен Бөрлі, Бəйтерек, Жəнібек аудандарының спортшылары анағұрлым қызықты сайыс көрсете білді.

М.Əуезов атындағы орта мектептің спорт залында асық ату, бес асық, тоғызқұмалақтан өткен жарыстарға қатысушылар саны аз болмады. Тоғызқұмалақ қатысушылардың ойлау қабілетін, əдісайласын көрсетсе, асық ату, бес асық жарыстары мергендікті дəріптеді. Қатысушылар бұл спорт түрлеріне де тыңғылықты дайындалып келген. Асық атудан бөкейордалық Ербол Ахметов, теректілік Өтеген Мүбəрак, бəйтеректік Мұрат Сағынов, ақжайықтық Қуаныш Телағысов пен Дина Бекмағамбетовалар, тоғызқұмалақтан ақжайықтық Санат Кəрімов, теректілік Бақытжан Бисенғалиев, бəйтеректік Думан Шанов, Алина Айтмұхамбетов, жəнібектік Сансызбай Кəуенов, Нұртілек Мизанбаевтар əдемі ойын көрсетті.

 

«Чистинкий» маңындағы Бəйгетөбеде өткен құнан жарысқа 20 сəйгүлік қатысты. 7 шақырымға шапқан жүйріктер арасынан Бəйтерек ауданынан келген Манарбек Кенжеғалиевтың «Байтөресі» І орын, Ақжайық ауданынан қатысқан Сырым Санаулының «Кермаралы» ІІ орын, қазталовтың Нұрболат Əдиетовтың «Сұлтаны» ІІІ орын алды. 16 шақырымдық тоқ бəйгеге жіптей тартылған жеті жүйрік жарысты. Мұнда ақжайықтық Жанғабыл Сəтбаевтың «Айқасқасы» І орынды, бөрлілік Берік Мұқашевтың «Громы» ІІ орынды, сырымдық Мұхтар Шүлеуовтың «Падишасы» ІІІ орынды еншіледі.

Жиырма бес шақырымдық аламан бəйге тартысқа толы болды. Шапқан жерін орлап кететін он жүйрік он айналым бойы аянып қалған жоқ. Фестиваль облыстық болғанмен, аламанға ұйымдастырушылардың келісімімен көршілес облыстың аттары ақылы түрде қосылған-ды. Бастанаяқ құйрық тістесіп келген аттар мəре сызығын қатарласа кесті. Атыраулық Алпамыс Өтеновтың «Горкасы» І орын, жəнібектік Нұрболат Шагировтың «Қарағызы» ІІ орын, жаңақалалық Айбек Ишановтың «Ұлытауы» ІІІ орынды еншіледі.

Жиналғандар сол күні аудандық тарихи өлкетану музейі, балалар шығармашылығы орталығы, жергілікті қолөнершілер ұйымдастырған ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Шара мерекелік концертке ұласып, елімізге белгілі өнер жұлдыздары Дəурен Сейтжанов, Тілек Базаров сынды əншілер, аудан көркемөнерпаздары өнер көрсетті.

 

Фестивальдің екінші күні көкпардан финалдық ойындармен басталды. Аударыспақтан, қазақ күресінен белдесулер, теңге ілуден сайыстар өтті. Жамбы ату сайысы жиналғандарға ерекше ұнады десек, артық айтқандық емес. Ат үстінде шауып келе жатып, садақпен арнайы нысаналарға жебе ату көп ешкімнің қолынан келе бермесі анық. Дегенмен, ақжайықтық Жанəділ Ғазезов көпшілік көңілінен шыға білді. Басқа қатысушыларға əлі де дайындала түсу, жылқымен жұмыс жасау керегі анық байқалып тұрды. Себебі, спортшылар садақ атпақ боп тізгінді жібере салғанда аттар басқа бағытқа ауып кете берді. Дайындық осы тұрғыдан керек.

Екі күнге созылған фестивальдің марапаттау сəтінде аудан əкімі Қалияр Айтмұхамбетов, облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Əсия Аманбаев, белгілі самбошы Ерболат Байбатыров жеңімпаздарды марапаттады.

 

Сайыстар нəтижесінде көкпардан бірінші орыннан Орал қаласы, екінші орыннан Жəнібек ауданы, үшінші орыннан Ақжайық ауданы, аударыспақтан бірінші орыннан Бəйтерек ауданы, екінші орыннан Жəнібек ауданы, үшінші орыннан Ақжайық ауданы көрінді. Теңге ілуден бірінші орынды Бəйтерек ауданы, екінші орынды Қаратөбе ауданы, үшінші орынды Жəнібек ауданы, тоғызқұмалақтан бірінші орынды Бөрлі ауданы, екінші орынды Жаңақала ауданы, үшінші орынды Сырым ауданы еншіледі.

Асық ату, бес асықтан бірінші орын Бөрлі ауданы, екінші орын Ақжайық ауданы, үшінші орын Теректі ауданы, қазақ күресінен бірінші орын Бөрлі ауданы, екінші орын Сырым ауданы,үшінші орын Казталов ауданы, жамбы атудан бірінші орын Бөрлі ауданы, екінші орын Жəнібек ауданы, үшінші орын Ақжайық ауданы, ұлттық жекпе-жектен бірінші орын Бөрлі ауданы, екінші орын Ақжайық ауданы, үшінші орын Жəнібек ауданы командаларына бұйырды.

 

Жалпыкомандалық есепте жеңімпаз болып Бөрлі ауданы командасы танылды. Ақжайық ауданы командасы ІІ орынға, Жəнібек ауданы спортшылары ІІІ орынға табан тіреді.

 

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН