08 Тамыз 2019
662

Сырым ауданында «JAS PROJECT» арқылы 9 адам қайтарымсыз қаржыға ие болды

Сол 9 жобаның бірі іске асып, Сырым ауданындағы Бұлан ауылында наубайхана ашылды. Бұл - жастар корпусын дамытуға бағытталған «JAS PROJECT» жобасының жемісі. Ауқымды жоба аясында 1 000 000 теңге қайтарымсыз грант иеленген бірнеше жұмыссыз жас өз кəсібін бастады.

Бұлан ауылының тумасы Темірлан Сағидолла бала күнінен ауылға наубайхана ашуды армандаған екен. Темірланның арманы алдамай, бүгінгі күні өз кəсібін ашып, жұмысын бастап кетті.

 

Сырым ауданы бойынша «JAS PROJECT» бойынша 47 жоба ұсынылып, оның 9-ы грантқа ие болып, өз жұмыстарын дөңгелентіп отыр. Бұл жобаның ерекшелігі – 6 ай бойы аз қамтылған, көп балалы отбасыларға қызмет түрі тегін көрсетіледі.

 

Темірланға бұландықтар дəн риза. Олай дейтініміз, ауыл дүкеніне əкелінген нан өнімдері ауылды түгел қамтуға жетіспейтін болса, ендігі кезекте «Шідерті наны» наубайханасының ыстық өнімдерін тұтынатын болдық дейді. Наубайxана нан пісіруге қажетті барлық заманауи құрал жабдықтармен жабдықталған. Темірлан тек нан шығарып қоймай, кондитерлік өнімдер пісіріп, наубайхана жұмысын кеңейтуді мақсат еткен.