23 Тамыз 2019
207

«Жастар керуені» – Бәйтеректе

Облыстық жастар саясаты басқармасының бастамасымен «Жастар керуені» жобасы Бәйтерек ауданына келіп, аудан жастарының тыныс-тіршілігімен танысты.

 

Жоба еріктілері ең алдымен аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болып, кешен жұмысын көрді. Аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешені директорының орынбасары Максим Зинешұлы жастарға спорт мекемесінің жеткен жетістігі мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. Сондай-ақ, жоба жастары аудандық орталық мешітте болып, мешіттің бас имамы Әзілхан Бисенғалиевпен кездесті. Кездесу барысында мешіт имамы Әзілхан Бисенғалиев Алла үйінің өңірімізде бой көтеруі туралы атап өтіп, жастарды сауабы мол іс жасауға шақырды. Алла үйінен соң аудандық тарихи-өлкетану музейіне бас сұққан жастар тарихи жәдігерлермен танысты. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ерназар Амангелдіұлы аудан тарихы мен көнеден сыр шертетін музей экспонаттары туралы кеңінен мағлұмат берді.

 

Аудан әкімдігінде аудан жастарының қатысуымен кеңейтілген отырыс өтті. Жиын барысында сөз алған «КазИИТУ» ҒБК ректорының жастар ісі жөніндегі кеңесшісі Мейірбек Мусин жобаның басты мақсатына тоқталды. - Бұл жобанының басты мақсаты – аудан, ауыл жастарының әлеуетін арттыру. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп, қоғамның барлық саласында жастарды белсенді болуға шақыру. Өз кәсібін ашып, ісін дамытамын деген өңір жастарын қолдау, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, бірлесе жұмыс жүргізу. «Жастар керуені» жобасы бұған дейін облысымыздың барлық аудандарын аралап келді. Барған жерлерімізде әр өңірдің өзіне тән ерекшелігімен танысып, тарихынан мол мағлұмат алдық. Жоба сіздердің аудандарыңызда қорытындыланбақ. Бұл өлкеге келген сәттен бастап аудан тарихымен танысып, тарихи орындарына бас сұғып, мәдениеті мен өнері, өткені мен бүгіні жөнінде молынан мағлұмат алып, ерекше әсерге бөлендік, - деді «КазИИТУ» ҒБК ректорының жастар ісі жөніндегі кеңесшісі М.Мусин.

Одан соң сөз алған психолог Нұргүл Елеуова топпен жұмыстану, команда жасақтау, бірлесе жұмыс жүргізу бойынша өз ойымен бөлісті. Жоба аясында облыс жастары «StreetWorkOut» пен фристайлдан шеберлік сағаты, паннадан турнир өткізді. Шара соңы облыс өнерпаздары әзірлеген қорытынды мерекелік концертке ұласты.