23 Тамыз 2019
99

Қаратөбеде туризм саласының мамандары бас қосты

Қаратөбе ауданында «Заманауи білім беру саясаты контекстіндегі қосымша білім берудің даму тенденциялары мен перспективалары» атты қосымша білім беру ұйымдарының облыстық тамыз кеңесі өтті.

 

Тамыз кеңесіне аудандардағы қосымша білім беру ұйымдары мен өлкетанушылар қатысты. Кеңестің пленарлық отырысында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан сөз сөйледі. Сонымен қатар аудандағы туристік-өлкетану қызметінің дамуы турасында айтып өтті. Алдағы уақытта аудан туристік орталыққа айналатынын тілге тиек етті. Семинар қонағы, музей ісінің ардагері Сара Танабаева аудандардағы өлкетану музейлерінің тарихы, маңызы туралы ой қозғады. Ал республикалық «DANAqaz» тарихи-танымдық журналының редакторы, өлкетанушы Нұртас Сафуллин «Рухани байлық – игілік негізі» тақырыбында пікірімен бөлісіп, рухани байлық туған жердің тарихын білуден басталатынын жеткізді. – Мен туып өскен жерім Егіндікөл тарихы туралы жинақ шығардым. Соның ішінде бүкіл Қазақстан тарихына қатысты тұлғалар аталады. Тіпті адамзат тарихындағы бұрынғы тайпалық кезеңге дейін айтылады. Ислам тарихына қатысты деректер де бар. Кез келген ғалымның, кез келген әлемдік деңгейдегі ғалымның да назарына аудартарлықтай дүниелер табылды. Өзге де ауылдарда осындай тарихтардың ізі сайрап жатқанына ешқандай күмән жоқ. Осылайша, басқа ауылдардың да тарихын жинақтап, жазып алар болсақ қиналмай аудан тарихын түгендеп алар едік. Ол үшін  өлкетанушылармен, сол ауылдың шежірелі қарттарымен әңгмелесіп, жазып алу керек. Осындай жұмыстарды мектептегі өлкетану үйірмелері қолға алса жақсы болар еді, - деп ұсынысын білдірді

 

 

Шарада сөз алған облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы директорының орынбасары Гүлсім Усағалиева балалар туризмінің жұмысы, алдағы жоспарларымен бөлісті. Семинар барысында өткен оқу жылы бойынша үздік рейтинг көрсеткен туризм орталықтары марапатталды. Атап айтар болсақ, Бөрлі ауданы ІІІ орын иеленсе, Ақжайық ауданы ІІ орыннан көрінді. Ал І орын жыл бойы сапалы жұмысымен көріне білген Бәйтерек ауданына бұйырды. Сонымен қатар туризм саласының дамуына үлес қосып, ұзақ жылдар Қаратөбе аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының директоры қызметін атқарған сала ардагері Мәжит Нұрекешовке, музей ісінің ардагері Сара Танабаеваға, «DANAqaz» тарихи-танымдық журналының редакторы, өлкетанушы Нұртас Сафуллинге және Қаратөбе аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының қызметкерлері облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы директоры В.Фоминнің алғыс хаты табысталды. Туристік-өлкетану және экологиялық экспедициялар арқылы туған өлкенің тарихи мұраларымен танысуды мақсат еткен шара түстен кейін аудан орталығындағы экскурсияға ұласты. «Құт қонған киелі Қаратөбе» тақырыбында квест ойыны өткізіліп, шара соңында қатысушылар ұсыныстарын білдірді.