26 Тамыз 2019
37

Александров ауылының 110 жылдығы тойланды

Бөрлі ауданының Александров ауылына 110 жыл толуына орай Александров ауылдық округінде жергілікті әкімдік пен Бөрлі ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі бірлесіп спорттық іс-шара ұйымдастырды

Бағдарламаларға бәйге, жаяу бәйге, қол күресі, ағаш бөренеге өрмелеу, арқан тарту, қой көтеру секілді спорт түрлері кірді. Сырым, Шыңғырлау, Қаратөбе аудандарымен қатар Ақсай қаласының және Ақбұлақ, Ақсу, Александров, Бумакөл, Қарақұдық ауылдық округтерінің командалары бақ сынады. Даланы дүбірге бөлеген сайысты тамашалағандардың қарасы көп болды.

 

Жарыс қорытындысында құрыш білектілер сынға түскен қол күрестен Аслан Өтеғалиев (Ақбұлақ) пен Ислам Шулеов (Сырым ауданы) мықтылық танытты. Ағаш бөренеге өрмелеуде Әділбек Сейсов (Ақсай қаласы), Армат Турумов (Ақсай қаласы), Бағдат Бектауов (Ақбұлақ), Дмитрий Калинуров (Александров) жүлдегер қатарынан табылды. Қой көтеруден Асқар Жамбыловқа (Ақсай қаласы) тең келер ешкім болған жоқ. Арқан тартудан Шыңғырлау ауданының командасы мықтылықтарын дәлелдеді. Жаяу бәйгеде бумакөлдік Альмир Мурзиев қарсыластарын шаң қаптырды.

 

Тұлпарлар сайысы жиылғандардың делебесін қоздырды. Тай жарысында Александров ауылдық округінің тұлпары мәреге бірінші жетті. 9 шақырымдық бәйгеде Қаратөбе ауданынан келген шабандоздың тұлпары шашасына шаң жұқтырмай дара келді. 12 шақырымдық бәйгеде де Александров ауылының тұлпары бірінші жүлдеге ие болды.