27 Тамыз 2019
105

Жәнібекте екі мектеп kundelik.kz жүйесіне қосылады

Жәнібек аудандында «Жаһандық құндылықтар және қазақстандық білім мен ғылымның сапасы» тақырыбында аудан білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті.

 

Алдымен фойеде ардагер ұстаздар мен жас мамандарға гүл шоқтары ұсынылды. Аудандағы 12 мектептің директоры жиналғандарды слайд арқылы білім ұясының тыныс-тіршілігімен таныстырды. Кеңеске қатысушыларды аудан әкімінің міндетін атқарушы Жақсылық Абдолов құттықтады. - Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында өткен тамыз конференциясының пленарлық отырысында қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керектігін және бұл үшін бір орында тұрып қалмай, ілгері жылжу басты мақсат болуы тиіс екенін айтты. «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы даярланып, жуық арада қабылданғалы тұр. Елбасы тарапынан жастар саясатын жетілдіру және олардың білім алуына жағдай жасау бойынша іргелі тапсырмалар беріліп, соның арқасында биылғы мектеп түлектері үшін жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндіктері көбейді. Биылғы ҰБТ-ға қатысқан 124 түлектің 87-і ҚР мен ТМД елдерінің жоғары оқу орындарының грант иегері атанды. Бұл баршамызға үлкен қуаныш. Жас ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім беруде мұғалімдер қауымының жұмысы өте жауапты. Сол міндетті абыроймен атқаруда ұстаздар еңбегіне табыс тілеймін. Жаңа оқу жылы сәтті басталсын, -деді ол.

 

2018-2019 оқу жылында «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәні 3-сыныптың оқу бағдарламасына енгізілді. Сондай-ақ 2019-2020 оқу жылында 4-сыныпқа, 2020-2021 оқу жылында 1-2- сыныптарға енгізу жоспарланған. Жаңартылған орта білім беру мазмұнын енгізу шеңберінде «Робот техника негіздері» білім беру бағдарламасы бойынша информатика пәнінің мұғалімдерінің жүз пайызы курстан өтіп, қазіргі кезде ауданның 8 мектебіне LEGO Mindstorms конструктор алынды. «Робототехникадан» факультатив сабақтары жүргізіліп, 292 оқушы қамтылды. Т.Жароков атындағы мектептің IT сыныбында 4-9-сынып оқушылары педагогтардың жетекшілігімен 3D-үлгілеу, архитектура, дизайн, анимация бағдарламаларын, сандық технологияны меңгерді. Электронды журналдар мен күнделіктер жүйесі аудан орталығындағы 3 мектепке енгізілді. Бұл ақпараттық жүйеге 208 мұғалім, 1412 оқушы және 1116 ата-ана тіркеліп, жұмыс жасады. 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Е.Ниетқалиев пен Ө.Сахипов атындағы мектептер kundelik.kz жүйесіне қосылады. Bilimland электрондық порталының ресурстарына ауданның 16 мектебі қосылып, жұмыс істеуде. Биылғы оқу жылында 12 жас маман жолдама арқылы еңбек жолын аудан мектептерінде бастамақ. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бағида Сарбалина да өзінің ізгі тілегін арнап, ұсынысын ортаға салды. Нақтырақ айтсақ, «Алтын ұрпақ» жобасы аясында қазақша күрес үйірмелерін ашу, мектепке дейінгі ұйымдарда 4 пен 5 жас аралығындағы қыз балаларға «Қамажай» биін үйрету туралы ұсыныс айтты.          Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жақсылық Абдолов, аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов, «Nur Otan»партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бағида Сарбалина, аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Аққу Нұрғалиева бір топ ұстаздарға ҚР Білім және ғылым министрінің құрмет грамотасы мен алғыс хатын, аудан әкімінің алғысхатын, облыстық білім басқармасының, аудандық білім беру бөлімінің құрмет грамотасын, аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің алғысхатын табыс етті.          Кеңес барысында облыстық білім басқармасының құрмет тақтасынан орын алғандарға көпшілік тарапынан құрмет көрсетілді.