27 Тамыз 2019
93

Бәйтеректіктер «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазымен кездесті

Бүгін Бәйтерек ауданы әкімдігінің «Шаңырақ» мәжіліс залында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Әсемгүл Оразаевамен кездесу өтті.

 

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Көпжан Тұрлыбеков кіріспе сөзбен ашып, кездесудің маңыздылығына тоқталып, қатысушыларды белсенді болуға шақырды. - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «100 жаңа есім» жобасының да көздегені – жанымызда жүрген жақсыларды, таланттарды жалпақ жұртқа, қалың қауымға таныту. Бұл жобаның жеңімпаздарының дені – жастар. Олай болуы заңды да. Себебі ел тәуелсіздігімен егіз жасасып, ұлт келешегін кемелдендіретін – егемен елде дүние есігін ашып, еркін ой қалыптастырған азат ойлы жастар десек, сондай таланттардың «100 жаңа есім» қатарынан көрінгені көңіл қуантады.

Біздің жерлесіміз Әсемгүл Әлікқызы Оразаева осы жобаның жеңімпазы атанды. Әсемгүл Әлікқызы 22 жасында Атырау қаласындағы «USC» жеке шаруашылық серіктестігінің негізін қалап, құрылтайшысы болды. Ол еліміміздің қоғамдық өміріне белсене араласады, қайырымдылықпен айналысып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырушы ретінде танымал, - деді өз сөзінде аудан басшысының орынбасары Көпжан Тастанұлы. Кездесуде сөз алған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Әсемгүл Әлікқызы табысқа жетудің құпияларымен бөлісіп, қоғамдағы жастар рөлі, олардың ашықтығы мен белсенділігі турасында тереңнен ой қозғады. - Мен, Бәйтерек ауданының тумасымын. Дариян өлкесінен тәлім алдым. Өз өлкеме деген құрметім ерекше. Мен өз жұмысымды нөлден бастадым деп айтуға болады. Бүгінгі күннің белсенді жастары өз ісіне сенімді болуы шарт. Еш нәрседен қорықпау керек. Әркез батыл қадам жасау керек. Бүгінгі таңда жастар арасында мотивациялық тренингтер өткізіп, дәрістер оқып жүрмін. Өміріңіздің жарқын болуы – тек өзіңізге байланысты. Өзгеруден, өзгерістен қорықпау керек. Өмір ғажайыптарға толы! - деді жоба жеңімпазы Ә.Оразаева. Кездесуге қоғам белсенділері, аудан жастары, мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ауыл тұрғындары қатысты