28 Тамыз 2019
85

Қаратөбеде мұғалімдердің тамыз кеңесі өтті

Қаратөбе ауданында білім беру қызметкерлерінің «Келешекке кемел біліммен» тақырыбында аудандық тамыз кеңесі өтті

 

 

Аудан мұғалімдерін жаңа оқу жылымен құттықтаған аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшаұлы сала бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ұстаздар конференциясының пленарлық жұмысының алғашқы сөз кезегі аудан әкімі Жанат Асантаевқа берілді. Аудан басшысы 2018-2019 оқу жылында білім беру саласында атқарылған жұмыстар және қол жеткізген жетістіктерімен қатар, алда тұрған келелі міндеттерге тоқталды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың мұғалімдердің еңбекақысын төрт жыл ішінде екі есеге өсіру туралытапсырма беріп, ұстаздарға мемлекет тарапынан қарастырылып жатқан жан-жақты жағдай турасында әңгімеледі.

Кеңесте БҚО білім басқармасының бөлім басшысы Саягүл Алипбаеваның «БҚО-ның білім беру жүйесін цифрландырудың жол картасын іске асыру», «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының білім беру процесін психологиялық-педагогикалық қолдау кафедрасының аға оқытушысы, тренер Бибігүл Ғабдрахманованың «Жаңартылған білім беру мазмұны: ізденіс, тәжірибе, болашағы», Егіндікөл мектебінің директоры Ақмарал Мұқанованың «Жаңартылған білім мазмұны негізінде табысты мектепті басқарудағы инновациялық қадамдар», Ханкөл мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұржанар Орынбасарованың «Жаңғыру жолындағы жас маман» атты хабарламалары тыңдалды.

Кеңес барысында саралжындық зейнеткер ұстаз Зәреден Өтениязовқа «Ы.Алтысарин» төсбелгісі, ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы және алғыс хаты ауданның бір топ мұғаліміне табысталды.

Облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталары және алғыс хаттарын 15-ке тарта аудан ұстазы иеленсе, 2018-2019 оқу жылы қорытындысы бойынша «Облыстың білім саласын жетілдіру жұмыстарының озық ұйымдастырылуы» байқауының «Ерекше балаларға – ерекше қамқорлық» аталымымен Мұхит мектебі, «Ауданның білім саласын жетілдіру жұмыстарының озық ұйымдастырылуы» атты аудандық байқауының «Жаңашылдыққа қадам басқан ауыл мектебі» аталымымен Қалдығайты мектебі марапатталды.