28 Тамыз 2019
192

Жаңақалада «Құрмет тақтасы» жаңартылды

Жаңақала аудандық білім беру бөлімі ғимаратының алдындағы ауданның үздік педагогтарына арналған «Құрмет тақтасы» жаңартылды.

 

2015 жылы Астана күніне орай аудан ұстаздары құрметіне тұңғыш рет «Құрмет тақтасы» орнатылды. Осы «Құрмет тақтасы» жыл сайын жаңартылып отырады. Тақтаға ауылдық округі әкімдерінің ұсынысы негізінде тәжірибелі, шәкірттері биік белестерден көрініп жүрген ұстаздар ұсынылып, бір жыл бойы ілініп тұрады. Аудан бойынша 716 ұстаз болса, бұл тізімге солардың ішінен жүзден жүйрік бола білген мақтаулы мұғалімдер ғана енеді.

 

Аталмыш шарада құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Н.Қарағойшин ұстаздар қауымының дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеп, жаңа оқу жылында жақсы жетістіктерге жетуге тілек білдірді. Одан әрі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Ғұмар 2018 жылы «Құрмет тақтасына» тұру құрметіне ие болған ұстаздарға куәлік табыс етті.

Биыл құрмет тақтасына М.Жүнісов атындағы мектептің математика пәні мұғалімі Арман Дүйсенғалиев, Айдархан мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Самал Әжғалиева, С.Меңдешев атындағы мектептің математика пәні мұғалімі Ақболат Тілекқабыл, Д.Нұрпейісова атындағы мектептің қазақ тілі мен әдеиеті пәні мұғалімі Венера Сапарова, Жаңақала мектебінің алғашқы әскери дайындық жетекшісі Батыр Таулин, Карманов мектеп-балабақшасының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мәншүк Саркенова, Е.Орақбаев атындағы мектептің дене тәрбиесі мұғалімі Ерген Тілепбергенов, М.Мирманов атындағы мектептің математика пәні мұғалімі Алмагүл Камилашова, Пятимар мектебінің дене тәрбиесі пәні мұғалімі Асқар Биляшев енді.