28 Тамыз 2019
25

Бәйтеректе атаулы әлеуметтік көмек арқылы кәсібін ашқан жандардың саны артқан

Бәйтерек ауданында табысы төмен отбасыларға, көп балалы және аз қамтылған жанұяларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, берілген қаржылай төлемнің арқасында өз кәсібін ашқан жандардың саны артқан.

Оған дәлел Белес ауылының тұрғыны Ирина Краскова мемлекеттен демеу қаржы алып, қаржылай көмекке үй құстарын сатып алып өз кәсібінің игілігін көріп отыр. -Мемлекет тарапынан берілетін көмектің арқасында кәсібімді бастап жатырмын. Қаржылай көмекке 2 күркетауық, 19 қаз сатып алып жұмысымның жемісін көріп отырмын. Алдағы уақытта жұмысымды жандандырып үй құстарының санын көбейтуді жоспарлап отырмын,-дейді Ирина Краскова. Железнов ауылының тұрғыны Анна Миллер болса атаулы әлеуметтік көмектің арқасында қора-жайын 1 сиыр, 3 торай мен 22 тауыққа толтырып, өз жұмысын жандандыру үстінде. Бәйтерек ауданында биыл 592 отбасыға, соның ішінде 2907 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.