28 Тамыз 2019
266

Тасқала ауданында 257 бала алғаш мектеп табалдырығын аттайды

Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталмақ. Тасқала ауданында мектепке алғаш баратын 257 баланың ата-анасы өтініш беріп үлгерген. Өтініштерді қабылдау тамыз айының аяғына дейін жүргізіледі.

Тасқала аудандық білім бөлімінің мəліметі бойынша, биыл 200 балаға материалдық жәрдем берілген. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 80 оқушыға 572 мың теңге көлемінде, 120 оқушыға бюджеттен тыс қаржыға 862 мың теңгенің материалдық көмегі көрсетілді. Материалдық көмек жалпы 1 миллион 434 мың теңге. Иә, қай ата-ана болсын, барын баласына кигізеді. Бірақ бәріне жаңа зат алып беруге нарық мүмкіндік бере ме? Тасқала ауданы бойынша 173 көп балалы, 213 аз қамтылған отбасы бар. Яғни үш-төрт, бәлкім бес-алты бала мектепке барады. Бір үйде әкенің немесе ананың табысына қарап отырған жандар көп. Көпшілік амалсыздан қара базардағы қытай мен қырғыздың өнімін алуға мәжбүр. Себебі, отандық тігін фабрика өнімдерінің бағасы жоғары. Базардың бағасын бағамдап берген ата-ананың сөзін естіп, көз жеткізбек болып «Арзан» дүкеніне бас сұқтық. Киім-кешек пен оқу құралдарының құны төмендегідей: мектеп формасы 3-7 мың, спорттық киім 3-7 мың, туфли 3000-4200, рюкзактар 2000-4500, қаламсап 15-45, пенал 80-1000, дәптер парақ санына қарай 20-200, сурет салатын альбомдар 140-220 теңгеден. Тасқала аудандық білім бөлімінің мәліметтеріне сүйенсек, мектеп жасындағы балалар саны – 2639.