02 Қыркүйек 2019
136

Тасқалада мектеп жанынан бөбекжай ашылды

Бүгін Тасқала ауданы Достық ауылында білім күніне орай мектеп жанынан бөбекжай ашылды.

 

Оның тұсауын кесуге аудан әкімі Алдияр Халелов пен аудан тұрғындары қатысты. Қазіргі таңда балабақшада 20 бүлдіршін тәрбиеленуде. Сондай-ақ, мұнда 2 тәрбиеші, 1 тәрбиешінің көмекшісі қызмет етеді. Бөбекжай жаңа заманауи құрал жабдықтармен қамтылған.

 

-Бүгін мектебіміздің жанынан заманға сай жаңа балабақша ашылды. Енді немерелеріміз үйде отырмай, осында тәрбиеленеді. Бұл ауыл тұрғындары үшін қуанышты жағдай. Бізге осындай балабақшаның ашылуына жағдай жасаған аудан атқамінерлеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ,-дейді ауыл тұрғыны Меңсұлу Жұмағалиқызы.

 

Аудан әкімі А.Халелов пен білім бөлімінің басшысы Т.Шәкіров округтегі Семиглавый Мар мектебінде өткен салтанатты шараға қатысты.

 

Алдымен сөз алған Алдияр Сансызбайұлы ұстаздар мен оқушыларды, сондай-ақ ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтады. -Ұстаздың орны қай уақытта да ерекше. Президентіміз Қ.Тоқаевтың өзі Нұрсұлтанда өткен тамыз конференциясында ұстаздардың мәртебесі мен олардың балаларға алаңсыз білім беруі үшін жағдай жасау, сондай-ақ еңбекақыларын көтеру, және білім беруге қатысты біраз мәселе көтерді. Бұл өте орынды. Қазіргі таңда аудан орталығында 30 жылға жуық жөндеу көрмеген қос мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл да балалардың алаңсыз білім алып, ұстаздардың білімді шәкірт тәрбиелеуіне үлкен мүмкіндік болмақ, - деді Алдияр Сансызбайұлы.