02 Қыркүйек 2019
117

Арғымақтар аламанда сыналды

Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылының атшабарында «Жайық жүйрігі» атты ат бәйгесінен облыстық чемпионат өтті.

 

Шара барысында алдымен сөз алған аудан әкімі Қалияр Айтмұханбетов жиналған жұршылықты Ата Заң күнімен құттықтап, сайысқа демеу болған облыстық спорт басқармасы мен атбегілер қауымына алғысын айтты. Сөз арасында аудан басшысы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы басты бағыт ат өнері туралы болса, Ақжайық жұрты облыс бойынша осы ұлттық спорттан көш бастап келе жатқанын тілге тиек етті. Чапаев және Шабдаржап ауылында ашылған ат спорты мектептері осының айғағы екені облыс жұртшылығына мәлім. Ат құлағында ойнап, желмен жарысқан жүйрік баптаған халықтың ұлы ретінде аудан басшысы сайысқа түскен шабандоздарға сәттілік тіледі. Аталмыш жарыстың арнайы қонағы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Рахымқызы да сайысқа демеушілік білдірген мәрт азаматтарға алғыс білдіріп, осындай ізгі бастамалар арқасында өңірімізге танылып жүрген жүйріктердің базасы құрылып, ат бәйгесі жаңа қарқынмен дамитынын айтып өтті.

 

Тай, құнан жарысы және топ бәйге мен аламанға түскен тұлпарлардың осалы болмады. Отыздан астам тай сөреден ұмтылғанымен, алғашқы айналыстан-ақ алымдылары алдына шықты. Алты шақырымдық жарыс нәтижесі бойынша чапаевтық Мейіржан Сәтбаевтың «Шағырай» атты тайы топ жарып, бас бәйгеге тігілген тайдың иесі атанды. Құнан бәйгеде тасқалалық Эльдар Тасқынғалиевтың «Байторы» атты сәйгүлігі мәре сызыған бірінші боп кесіп өтіп, атсүйер қауымның қошеметіне бөленді. Сөйтіп бас бәйгеге тігілген құнан тасқалалық атбегі Азамат Жұмашевтің жетегінде кетті. Көпшілік асыға күткен топ бәйгеде талай додада топ жарған дүлділдер бақ сынады. Шыңғырлаулық Рахат Қойшығали мінген «Ханым»өзгелерден оқ бойы озық келіп, 1 млн. теңгені қанжығасына байлады. Он бес шақырымға созылған бұл бәйгеде Ақжайық ауданы Тайпақ ауылынан шабандоз Дулат Еділов мініп, топқа түскен «Тоқтамас» атты тұлпар екінші, шыңғырлаулық Талғат Бисембиевтің «Қызғалдағы» үшінші болып мәре сызығын кесті.

 

Жиырма төрт шақырымға созылған аламан бәйгеде сегіз айналымды толық аяқтау кез келген жануардың маңдайына жазылмаған бақ болса, алғаш болып мәре сызығын кесу шын жүйрікке ғана тән қасиет. Бірі мен бірі құйрық тістесіп, үзеңгі қағысып шапқан дүлділдердің дүбірі көрермен құлағында әлі біраз уақыт сақталары сөзсіз. Ат жалына жабысқан темір тақым шабандоздарға қарап, қаны қазақ қиқуламай тұра алмады. Маңдайы жарқырап бәйтеректік шабандоз Мүслім мінген «Аймаңдай»атты тұлпар өзгелерден қара үзіп, мәреге бірінші жетіп, «Жайық жүйрігі» атанды. Теректілік шабандоз Серік Әділбек мінген «Сұлтан» екінші, тайпақтық Құбайдолла Биғазиевтің «Үміт» атты тұлпар үшінші орын иеленді

 

Айта кету керек, аламан бәйгенің бас жүлдесі 1,5 млн. теңге болса, бұл жарыста алты орынға дейін жүлде тағайындалды. «Жайық жүйрігінің» жалпы жүлде қоры 3,5 млн. теңге ақшалай және 6 бас жылқы.