06 Қыркүйек 2019
84

Саройлықтардың қысқа дайындығы ойдағыдай

Сырым ауданының шабындықтардағы науқандық жұмыстар да саябырсып келеді.

 

Күні кеше ғана ауданға қарасты Сарой ауылдық округіне аттың басын тіредік. Басты жұмыс ауылдың тыныс-тірлігін білу, қыс алды тұрғындардың қам-қарекетімен танысу еді. Ауыл әкімі Айбол Жакиевтің сөзінше, округ бойынша 147 700 центнер шөп дайындау жоспарланса, жоспардың күні бүгінге дейін 103 450 центнері орындалған. Қыс алды жемшөп қорын дайындауға округте 17 шаруа қожалығы, 2 жеке тұлға білектерін сыбана кіріскен. Ал олардың арасында 26 трактор, 36 орақ, 14 шөп тайлағыш, 15 шөп үюші техникалар жұмыс істеуде. - Шабындықтардағы өнім өткен жылдармен салыстырғанда әртүрлі болуда. Мәселен, биыл көлдіктерге су шықпай қалды. Сондықтан да шаруалар тек қана қырлықтың шөбіне үміт артуда. Нәтиже көңілдегідей, қырлықтағы шөптің өнімі гектарына 2,5-3 центнерден беруде. Және бір айта кетерлік жағдай соңғы күндердегі жауындар да шабылған жерлердің қайтадан бой көтеріп көктеуіне, малдардың жайылып, қоң жинауларына да  әсерін етуде, - дейді ауыл әкімі Айбол Жакиев. Округте 4 689 ірі қара, 11 920 қой, ешкі, 3 017 жылқы, 4 түйе бағымда. Ауылдық округке қарасты Қызылтаң елді мекенінде орналасқан «Бекжан» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Ернар Байдашев сонау жылдары өңірге енгізілген фермерліктің тізгінін ерте ұстап, тәжірбиелігімен таныла білген марқұм Болат Байдашевтің жолын жалғастырушы ұрпағы. Бүгінде әке таяғын қолында нық ұстаған жас жігіт, қожалық басшысы Ернар Байдашев 92 бас қазақтың ақ бас асыл тұқымды сиырын бағуда. Мұның сыртында 120 сиыр, 500 қой, 70 жылқы бағымда. - Жалпы қожалықтың еншісінде 3 600 гектардай жер болса, соның 200 гектары шабындық. Қожалықтағы 3 трактор, шөп тайлағыш, шөп үюші техникалар жұмыстың қарқын алуына басты себепкер. Мәселен, қыс алды мал басы үшін қожалықта 2000 (екі мың) бума шөп дайындалса, қыс кезіндегі ауа райының құбылмалы сәттеріне байланысты жылқыларға қосымша ретінде жемшөп қоры да дайындалуда, -дейді қожалық басшысы Ернар Болатұлы

 

Қожалық басшысының сөзіне қарағанда облыс орталығынан бөлінген жанармайды тасымалдағаннан гөрі аудан орталығындағы жағармай бекетінен сатып алған әлдеқайда тиімді. Қымбатшылық, баға тұрақсыздығы дегендей шөп буатын бір орам жіптің бағасы да 9500 теңгеден бір-ақ шығуда. Бірақ қымбатшылық жағадан ала қысып отыр екен деп алақан жая қарап отырған жігіттердің санаты мұнда жоқ. Қожалықтағы Ержан Байдашев, Бектұрған Жайманов сынды жігіттері бар ортада еңбек сағаты дамыл табар емес.