10 Қыркүйек 2019
85

Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру қажет

Жәнібек ауданда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты биылғы халыққа Жолдауын талқылауға арналған актив жиналысы өтті.

 

Жиында аудан әкімі Азамат Сафималиев Жолдаудың негізгі бағыттары туралы баяндама жасады. Жарыссөзге қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев Президент Жолдауына байланысты ойын айтып, ел бірлігін арттыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын арттыру қажеттігін баяндады. –Аудандағы көптеген мекеме мен ұйымда ардагерлердің басын құрайтын бірлестіктер құрылмаған. Ауылдық округтерде ардагерлермен жұмыс бір жүйеге қойылмай келеді. Үлкен кісілер көбіне дүниежүзілік қариялар күні мен қайырымдылық айлығы кезінде еске алынады. Ауданда өткіліп жатқан шаралардың көбі тек есеп беру үшін өтеді десе болады. Ардагерлерден құрылған «Ақниет», «Надежда», «Ардагер» ансамбльдері мен домбырашылар тобы жұмыс істеп келеді. Соңғы кезде аталған көркемөнерпаздардың жұмысына аудандық мәдениет бөлімінің немқұрайлы қарауынан олардың жұмысын үйлестіріп отыратын адам жоқ. Сол себептен бұл көркемөнерпаздар ұжымы тарқап кетуге жақын,-деді А.Уәлиев. Сондай-ақ елді мекендер мен жер, су атауларының зерттеп, қосымша мәліметтер жинауда аудандық музей мәдениет және білім беру бөлімінің, аудандық газет редакциясының жұмысы жеткіліксіз екендігін айтып, Ғұмар Қараш кесенесінің түбіндегі тоғанға Талов ауылдық округінің малы жайылатынын және қорымның қасына мал қыстағы салынып жатқандығын айтты. Сол сияқты Ғ.Қараш атындағы мектепте тек ақын-философқа арналған бұрыш қана барын, алдағы уақытта бұған арнайы ғимарат ашып, болмаса бөлме беру қажеттігін айтты

 

Актив жиналысында аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мирас Иманғалиев, Т.Жароков атындағы мектептің мұғалімі Гүлманат Жұмабаева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкері Күлаш Биғалиева, еңбек ардагері Ибрайым Сұлтанов сөз сөйлеп, Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді жергілікті жердегі айқын мысалдарды келтіре жеткізді.