10 Қыркүйек 2019
97

Жаңақалалықтар Жолдауды талқылады

Жаңақала ауданында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру және іске асыру жөніндегі актив жиыны өтті

Актив жиналысын аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин ашып, Президент Жолдауында белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы ауданның атқарушы органдарының жұмысы туралы баяндама жасады. Одан әрі аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғали, еңбек ардагері Молдағали Тәжиев, ардагер ұстаз Рая Апақаева, аудандық орталық аурухана директоры Шыңғыс Сәрсенғалиевтар Жолдаудағы басым бағыттарды атап өтіп, жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін және ортақ мақсатқа топтастыратын тарихи құжат екендігін айтты. Аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры Дина Даниярқызы Қ.Тоқаевтың Жолдауын тыңдаған орталық ұжымының ел басшысының мәдениет қызметкерлері, музей мамандары мен кітапханашылардың жалақысын өсіру туралы жоспарына ерекше қуанышты екенін жеткізді. - Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам белсенділері жұмыс тиімділігін арттырса, үлкен нәтижеге қол жеткізу қиын емес. Әрқайсымыз азаматтардың өмір сүру сапасын көтеру туралы Елбасы стратегиясының жүзеге асырылуына жауаптымыз.

 

Келер жылы аталып өтетін маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталды. Атап айтқанда, Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын, Жеңістің 75 жылдығын атап өтеміз. Одан әрі Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуге дайындықты бастаймыз. Президент атап өткендей, ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбегін халық арасында дәріптеуіміз керек,-деген  аудан әкімі Наурызбай Қадырбайұлы жиынды қорытындылады